Әзербайжан Орталық Азия басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанды. Бұл туралы саммитте сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Әзербайжан Орталық Азия басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанды
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сөз басында Шавкат Мирзиёев кездесуге қатысушыларға алғыс білдіре отырып, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің аталған форматтың тең құқылы мүшесі атанғанын баса айтты.

— Құрметті Ильхам Гейдаровичті бұл іс-шарға Орталық Азия мемлекеттері басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі ретінде қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Шын мәнінде, біз Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасында берік көпір құрып, ынтымақтастықтың ортақ кеңістігін қалыптастыруға жол ашамыз. Бұл екі өңірдің стратегиялық өзара байланысын және тұрақтылығын нығайта түсері сөзсіз. Осы маңызды шешімнің қабылдануымен барлық құрметті әріптесіме шын жүректен алғыс білдіремін және Ильхам Гейдаровичті толыққанды қатысушы ретінде Консультативтік кездесулер форматына қосылуымен құттықтаймын, — деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы бүгінгі кездесу сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ орнықты даму мәселелері бойынша үйлестірілген шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, Консультативтік кездесуге өңір елдерінің басшылары, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысып отыр. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатты қабылдау жоспарланған. 

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуіне қатысу үшін Ташкенттегі Конгресс орталыққа келген еді

Соңғы жаңалықтар