Шомылуға арналған үрлемелі баллондар қауіпті болып шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл да су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту басты назарда. Себебі қайғылы жағдайлардың басым бөлігі әлі де рұқсат етілмеген орындарда шомылу, қауіпсіздік ережелерін елемеу және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.
Оның айтуынша, 1 маусымнан бастап елімізде шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Осыған орай барлық жауапты мекемелер жұмылдырылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді дайындық жұмыстары қолға алынған.
— 1 маусымнан бастап шомылу маусымы ашылды. Барлық ведомстволық мекемелер жұмылып, дайындық жүргізілді. 733 шомылуға рұқсат етілген орын ашылды, жағажайлардағы кемшіліктер жойылды. Бұл жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандар болады. ТЖМ бастамасымен құтқарушылар, сүңгуірлер, медициналық қызметкерлер, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ІІМ қызметкерлері жұмылдырылды. Қауіпсіз аймақтар белгіленіп, арнайы тақтайшалар орнатылды. Рейдтік және патрульдік жұмыстар басталып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылды, — деді Жәнібек Кәрімбаев.
Маманның сөзінше, рұқсат етілген және рұқсат етілмеген шомылу орындары туралы ақпарат 2GIS қосымшасына енгізілген. Бұл азаматтарға қауіпсіз орындарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, қауіпсіздік шараларының маңызын құтқару статистикасы да көрсетіп отыр.
— Мәселен, былтыр азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері патрульдеу барысында 276 адамды, оның ішінде 85 баланы құтқарды, — деді ол.
Осыған байланысты мамандар суға түсер алдында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ең алдымен жағажай мен су айдынының ерекшеліктерін зерттеп, судың тереңдігіне мән берген жөн.
— Ақпараттарға назар аудару керек. Судың тереңдігін, жағажайды зерделеген дұрыс. Ескерту белгілері бар тақтайшаларды елемеуге болмайды, — деді спикер.
Статистикаға сәйкес, қайғылы жағдайлардың 95 пайызы рұқсат етілмеген жерлерде тіркеледі. Сондықтан мұндай аумақтарда бақылау жұмыстары күшейтілген.
— ТЖМ бұйрығы негізінде жылжымалы посттар жұмыс істейді. Қазір ел бойынша 169 мобильді пост қызмет көрсетіп жатыр. Оның саны алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Олар кестеге сәйкес таңғы сағат 8-9-дан кешкі 22:00–ге дейін рейдтік шаралар жүргізеді, — деді Жәнібек Кәрімбаев.
Спикер сондай-ақ ашық су айдындарында үрлемелі құралдарды пайдаланудың қауіпті екенін еске салды. Оның айтуынша, мұндай құралдар негізінен бассейндерге арналған және ағыс пен желдің әсерінен адамды қауіпке ұрындыруы мүмкін.
Ал суға батып бара жатқан адамды көрген жағдайда ең алдымен 112 қызметіне хабарласу қажет. Егер адам жақсы жүзіп, жақын маңда құтқару құралдары болса ғана көмек көрсетуге болады. Әйтпесе, құтқармақ болған адамның өзі қауіпке тап болуы мүмкін.