Шұбаттан соус, сиырдың миынан «закуска» - Астаналық аспаз халықаралық байқауда топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM – Антальяда өткен GASTRO ANTALYA 2025 халықаралық байқауында «Жылдың алтын аспазы» атағына ие болған қазақстандық Ескендір Салықов жарыстың қалай өткенін қандай тағамдар ұсынғанын және қазақ асханасының ерекшелігін қалай таныстырғанын айтып берді.
Халықаралық додаға 38 елден 500-ден астам аспаз қатысып, олардың жұмыстарын 55 кәсіби қазы бағалаған. Байқау қорытындысы бойынша Ескендір Салықов алтын және күміс медальға ие болған.
– Өткен ай мен үшін өте тартысты өтті. Дайындықтың үстінде жүрдік, қай аталымнан жүлде бұйыратынын алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан барлығына бірдей дайындалдым, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.
Аспаздың айтуынша, Антальядағы байқауға шамамен 3 мың адам қатысқан. Қазақстаннан Астанадан үш аспаз және елордадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің командалық құрамы өнер көрсеткен. Барлығы жүлделі орындарға ие болған.
– Мен екі аталымға қатыстым: балық тағамдары және modern cuisine – заманауи бағыттағы ас әзірлеу. Бір аталымда 45 минуттың ішінде асүйді дайындап, екі түрлі тағамды екі порциядан ұсыну керек. Ал келесі кезеңде 90 минутта басытқы (закуска), ыстық тағам және десерт әзірлеу талап етіледі. Уақытты дұрыс бөлу – ең қиын тұсы. Қателесуге мүлде болмайды, – дейді Ескендір Салықов.

Оның айтуынша, байқауда қатысушылар тағам өнімдері мен ыдыс-аяқты өздерімен бірге алып келеді, ұйымдастырушылар тек жұмыс орнын ұсынады. Бұл аспаздың жеке стилі мен дайындығын толық көрсетуге мүмкіндік береді.
– Мен жарыста қазақ асханасын танытуға тырыстым. Мысалы, шұбаттан арнайы соус жасап, оны ыстық тағамға қостым. Бұған дейін мұндай тәсілді ешкім қолданбаған. Сондай-ақ сиырдың миынан басытқы дайындап, оны қуырылған тары мен батат (тәтті кортофель – ред.) пюресімен ұсындым. Тағамдарым қазылар назарына ілікті, – дейді ол.
Ескендір Салықов азық-түлік технологы мамандығын меңгерген, бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Айта кетейік, Бұған дейін Дубайдағы Woohoo мейрамханасында рецепттерді «Айман» атты жасанды интеллект әзірлейтіні туралы жазған едік.