ШҰҒЫЛ: ҚР Индустрия министрлігінің 6 комитетіне жаңа басшылар келді
АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде бірқатар кадрлық тағайындаулар болды.
Бұл туралы ведомствоның ақпарат басқармасынан мәлім етті.
Мәселен, Өнеркәсіп комитетінің төрағасы болып 55 жастағы Бақтыбай Әшімбекұлы Қасымбеков тағайындалды. Б.Ә. Қасымбеков Ленинград технологиялық институтын үздік дипломмен, Мәскеу мемлекеттік патент тану және өнертабыс университетін, ҚазГЗА, Мәскеу жалпы және органикалық емес химия институтының аспирантурасын бітірген. Техника ғылымдарының докторы. ҚР ПМК өңірлік даму бөлімінде, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аппарат басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі болып қызмет атқарған.
Атом энергиясы комитетінің төрағасы болып 48 жастағы Мәжит Бейсенбайұлы Шәріпов тағайындалды. М.Б. Шәріпов атом станциялары және қондырғылары мамандығы бойынша Обнинск атом энергетикасы институтын аяқтаған. 2008 жылдан бастап ҚР Атом энергиясы агенттігінің, ИЖТМ, ҚР Энергетикасы министрлігінің Атом энергиясы және өнеркәсібі департаментінің директоры болып қызмет атқарды.
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болып 38 жастағы Марат Несіпқалиұлы Игалиев тағайындалды. Ақтөбе педагогикалық институтының тарих және география факультетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Алматы экономика және статистика институтын, әлі-Фараби атындағы ҚҰУ аспирантурасын аяқтады. Саяси ғылымдарының кандидаты. ҚР Президентінің Әкімшілігінде; ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Аналитикалық орталығында; ҚР ҚОҚМ экологиялық реттеу комитетінің орынбасары; ҚР ИЖТМ Сауда комитетінің орынбасары; ҚР ИЖТМ Атом энергиясы комитетінің орынбасары; индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі; 2012 жылдың тамызынан - ҚР ИЖТМ Әкімшілік-кадрлық жұмыс департаментінің директоры лауазымдарында қызмет атқарды.
Сондай-ақ 3 комитет төрағалары қайта тағайындалды. Атап айтқанда, ҚР ИЖТМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы болып осы лауазымға 2010 жылдың желтоқсан айында тағайындалған 43 жастағы Арман Алашұлы Тұрлыбек қайта тағайындалды.
ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы болып осы лауазымға 2012 жылдың желтоқсан айында тағайындалған 53 жастағы Базарбай Қанайұлы Нұрабаев қайта тағайындалды.
ҚР ИЖТМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болып осы лауазымға 2013 жылдың ақпан айында тағайындалған 35 жастағы Ерлан Қартайұлы Хаиров қайта тағайындалды.