ШҰҒЫЛ: Сыр өңіріндегі екі ауданда ауа райының күрт салқындауынан 4 798 бас мал қырылып қалды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 29 мамырынан 30 мамырына қараған түні Шиелі және Жаңақорған аудандарында ауа райының күрт салқындауы, жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан уақ малдың мол көлемде қырылуына әкеп соқтырды.
None
None

Бұл туралы «Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей зілзалдардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғарыда көрсетілген екі аудан шаруашылықтары оқиға орын алардан бір күн бұрын мал қырқу жұмыстарын жүргізген. Соның әсерінен уақ малдар өлім-жітімге ұшырады.

Осыған орай, мекеме қызметкерлерінен шұғыл жасақталған жұмысшы тобы аталған аудандардың ауылдық округтеріне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жергілікті мал мамандары тарапынан алдын ала атқарылуы тиіс жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты.

Бүгінгі таңдағы мәлімет бойынша Шиелі ауданының 3 ауылдық округтеріндегі мал шаруашылығымен айналысып отырған 13 шаруа қожалықтарынан 1 178 бас уақ мал шығын болып отыр.

Ал Жаңақорған ауданы бойынша 10 ауылдық округтегі және 2 кент орталығындағы жеке тұлғалардың 3 620 бас уақ малы шығын болғандығы анықталды. Екі аудан бойынша барлығы 4 798 бас мал өлім-жітімге ұшыраған.

Осыған орай, қазіргі кезде өлген малдардың санын нақтылау жұмыстары мен тиісті шаралар атқарылуда.

Дегенмен, аталған мәселе 2014 жылдың 2 маусымы күні облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, Шиелі және Жаңақорған әкімдіктері мен құзырлы мекемелер басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар