Швеция Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысуға дайын

Швед елі EXPO көрмесі үшін 1,5 миллион еуро бөлген. EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рапиль Жошыбаевтың Швецияға жұмыс сапарымен баруы бекер емес. Өйткені бұл мемлекет - жасыл технология саласында көш бастаушы елдердің бірі. Келер жылы олар жаңартылған энергия көзіне толықтай көшіп, қалған 3 атом электр стансасын жауып тастамақ. Бұл мақсатқа шведтер 546 миллион доллар инвестиция жұмсайды.
Біздің делегациямен кездескен Швеция Үкіметінің өкілдері 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесіне қатысатындарын растады.
«Қазір бізде жаһандық жылыну мәселесі пікірталас тудырып отыр. Қалдықтарды тастауды жіті бақылап, мұнай мен газды игеру көлемін азайтуға тиіспіз. Біз болашақты ойлауымыз керек. Осы тұрғыда ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы өте өзекті және дер кезінде қолға алынған деп ойлаймын. EXPO қарсаңында парламенттегі әріптестеріммен бірге Қазақстанға барып қайтқым келеді», - дейді Швеция парламентінің спикері Урбан Алин.
Швеция Үкіметі EXPO-2017 көрмесіне қатысу үшін 1 жарым миллион еуро бөледі. Сол мемлекеттің заңы бойынша ол қаржы елдегі кәсіпкерлерден жиналуы керек. Бұл ретте де елдің ірі-ірі кәсіпкерлері EXPO комиссарымен кездесіп, қазақстандық жобаларға қызығушылық танытты.
«Біз EXPO-2017 көрмесін қолдаймыз және қазақ елімен бірге бүкіл әлеммен қауышуға әзірміз. Мен Education First компаниясының өкілімін. Біз ЭКСПО-2017 көрмесінде пайдаланылатын тілдік бағдарламалар жасап оны оқытумен айналысамыз. Тілді еріктілер ғана емес, қонақ үй қызметкерлері, такси жүргізушілері тіпті тәртіп сақшылары да үйрене алады», - Education First компаниясының вице-президенті Карл-Йохан Вестринг.
ЭКСПО-ға Ericsson компаниясы да қатысқысы келеді екен. Олар Астанада өтетін көрмеге жаңа жобаларын алып келуге уәде беріпті. Ақылды велосипедпен қыдыру, Twitter-де ағашпен әңгімелесу, өздігімен жұмыс істейтін экскаватор, тағы басқа жаңа технологияларды Қазақстаннан барған делегация Ericsson-ға жасаған саяхаты кезінде көріп қайтқан.
«Ericsson компаниясы үшін Қазақстан үлкен мүмкіндік. Біз көп жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта EXPO көрмесіне қатысу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің компания үшін де Қазақстан үшін де тиімді болмақ. Технологияның қоғамға, бизнеске қалай әсер ететінін көрсеткіміз келеді. Басты жаңалығымыз - 5G байланыс үлгісі болуы мүмкін», - дейді Ericsson жоспарлау бөлімі президентінің орынбасары Ян Абрахамссон.
Сапар барысында EXPO-2017 ұлттық компаниясы мен Швецияның туризм агенттігі арасында бірлесіп жұмыс жасау жоспарына қол қойылды. Келіссөз кезінде олар тәжірибе алмасу мақсатында саяхатшыларды көптеп тартатын таныстырылымдар өткізуге ұсыныс жасады. Сонымен бірге EXPO-2017 көрмесіне келуді қалайтын швед азаматтары үшін жасалған туристік пакет туралы ақпаратты таратуды да ұсынды, - дейді ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің комиссары Рапиль Жошибаев.
Астанада өтетін EXPO көрмесіне әлемнің түпкір-түпкірінен саяхатшылар келетіні белгілі. Қазірдің өзінде 49 ел мен 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатыны туралы ресми түрде мәлімдеме жасап үлгерді, деп хабарлайды 24.kz .