Швеция жаһандық долларлық миллионерлер рейтингінде позициясын жоғалтып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Capgemini консалтинг компаниясының жаңа есебіне сәйкес, 2024 жылы елдегі бай азаматтардың саны шамамен 3 пайызға азайып, 149 500 адам болды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Бұл – Швецияда байлар саны қатарынан екі жыл бойы қысқарып отырған жағдай. Сонымен қатар миллионерлердің жиынтық байлығы да 0,6 пайызға төмендеп, 372 миллиард доллар болған.
Құлдыраудың себептері ретінде елдегі әлсіз экономикалық өсім, пайыздық мөлшерлемелер нарығындағы тұрақсыздық және тұрғын үй шығындарының артуы аталды. Бұл факторлар халықтың сатып алу қабілетіне теріс әсер етіп, капитал өсімін тежеген.
Ал көршілес Норвегия, керісінше, сенімді өсім көрсетіп отыр: тек 2024 жылдың өзінде бұл елде 5 мың жаңа долларлық миллионер пайда болған.
Жаһандық деңгейде бай адамдар саны артып отыр. Пандемиядан кейін байқалған төмендеуден соң, 2024 жылы әлем бойынша миллионерлер саны 23,4 миллион адамға жетіп, олардың жалпы байлығы 90 триллион доллардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға көп.
АҚШ әлі де долларлық миллионерлер саны бойынша көш бастап тұр – елде олардың саны 7,9 миллионға жетіп, бір жылда жарты миллион адамға артқан.
Азияда Үндістан мен Жапония алда келеді – мұнда байлар саны тиісінше 20 мың және 210 мың адамға көбейіп, өсім 5,6 пайыз болған. Ал Қытайда, керісінше, 1 пайызға төмендеу тіркелді.
Мұнай бағасының құлдырауы Таяу Шығыстағы миллионерлер санының 2 пайыздан астам қысқаруына себеп болса, Латын Америкасында валюталық тұрақсыздық пен экономикалық қиындықтар салдарынан бұл көрсеткіш 8,5 пайызға азайды.
Айта кетелік байлар үшін салық мөлшері арта ма деген мағлұмат жариялаған едік.