Яхта, жеке ұшақ – байлар үшін салық мөлшері арта ма
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі бойынша консультативтік құжатты жариялады. Құжат Ашық НҚА сайтында жарияланды.

Талқылауға экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық ставкаларына көшу мәселесі, прогрессивті салық салуды енгізуді жеделдету, арнаулы салық режимдерін реформалау, салық жеңілдіктерінің көлемін ретке келтіру және қысқарту (20%-дан кем емес), мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету, салық әкімшілігін жаңарту, салық есептілігі нысандарын 30%-ға қысқарта отырып, салық бақылауын толық цифрландыру, технологиялық жаңғыртуға және ғылыми дамытуға бағытталған пайдаға корпоративті табыс салығын төмендету немесе босату механизмін енгізу шығарылған.
Сондай-ақ, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түрлерінің жалпы санынан кемінде 20%-ға қысқарту, жаңа өндірістік жобаларды іске асырудың алғашқы үш жылында шетелдік және отандық инвесторларды салықтардан және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден босату, ҚҚС қайтару рәсімін жеңілдету талқыланады.
Бұл ретте, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында кемінде 500 теңге/га салықты енгізу ұсынылған.
Түзетулер сәнді тауарларға салықты арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн.
Осылайша, жеке тұлғаның иелігіндегі барлық нысандардың жалпы құны 130 мың АЕК (2024 жылы 479 960 000 теңге) шегінен асатын болса, мөлшерлемелерді арттыру ұсынылып отыр.
Белгілі болғандай, адамдардың шектеулі тобы яхталар мен жеке ұшақтарға ие. Мәселен, жеке тұлғалардың меншігінде 490 яхта бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары мөлшері шамамен 190 мың теңгені (55 АЕК) құрайды. Осы ретте, тарифтерді бірнеше есе арттыру ұсынылып отыр. Салық мөлшерлемесін анықтау үшін яхталардың ұзындығын Еуропа елдеріндегі әдіспен реттеуге болады (5 метрден асса сән-салтанаты келіскен яхта болып саналады).
Мысалы, Грекияда ашық яхталар үшін салық мөлшері жылына 780 еуродан (383 мың теңге) 2 340 еуроға (1 149 мың теңге) дейін ауытқиды. Ал яхта 12 метрден жоғары болса, сәйкесінше, салық сомасы да арта түседі.
Айтпақшы, алкогольдік ішімдіктер мен сигаралардың қымбат түрлеріне акциз салу ұсынылуда.