Швецияда 13 жастан асқан балаларға электронды бақылау енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция үкіметі 13 жастан асқан жасөспірімдерге, тіпті олар қылмыс жасамаған жағдайда да электрондық бақылау енгізуді ұсынды, деп жазды АЗЕРТАДЖ.
Бұл шара олардың қылмыстық топтарға тартылуының алдын алуға бағытталған және жеңілдетілген әдістер таусылғаннан кейін ғана қолданылады. Негізгі мақсат — әлеуметтік қызметтер белгілеген сағаттарда баланың үйде болуын қамтамасыз ету.
Әлеуметтік қызмет істері жөніндегі министр Камилла Вальтерссон Грёнваллдың айтуынша, 100 бала бақылауға алынуы мүмкін. Бақылау ақылды сағат секілді құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Шараны қолдану туралы шешімді әлеуметтік қызметтердің өтініші негізінде әкімшілік сот қабылдайды. Оның орындалуын бақылау Мемлекеттік мекемелер басқармасына жүктеледі. Бақылау мерзімі 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Заң жобасы қазірдің өзінде бірқатар сарапшылық ұйымдардың қатаң сынына ұшырады. Олар бұл бастаманы қылмысқа күдікті емес балаларға қатысты тым қатал деп есептейді.
Сонымен қатар, либералдардың құқықтық саясат жөніндегі өкілі Мартин Мелин көп ата-аналар қатаң шараларды қолдайтынын атап өтті.
— Ата-аналар «көмектесіңдер, мен баламды қорғай алмаймын» дейді. Бірақ олардың өтініші талқылауда сирек қарастырылады, — деді ол.
Заң жобасы заң кеңесінің қарауына жіберілді. Оның қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз, себебі қажетті технологияларды сатып алу процесі жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Швеция азаматтық алу талаптарын қатаңдатты.