Швециялық қақпашы Юхан Маттссон «Барыс» құрамына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Барыс» швециялық қақпашы Юхан Маттссонды қатарға қосты. Хоккейшімен келісімшарт 2025 жылдың 31 мамырына дейін жасалған.

Қақпашы спортшылық мансабының көп бөлігін өз елінде өткізген. Кейінгі үш жылда Құрлықтық хоккей лигасында Латвияның «Динамо» (Рига), Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) және СКА (Санкт-Петербург) клубтарының намысын қорғады.
Юхан Маттссон 1992 жылы 25 сәуірде дүниеге келген.
«Канадалық қақпашы Эдвард Паскуалемен келісімшартты бұзғаннан кейін, біз өз лигамызға бейімделген тәжірибелі қақпашыны алдық. КХЛ-да Маттссон өте мықты командаларда ойнаған. Ол қақпадағы сенімділікті күшейтеді деген сенімдеміз», - деді «Барыстың» бас менеджері Олег Болякин.
Айта кетсек, биыл «Барыстың» бас бапкері қызметіне канадалық маман Дэвид Немировски келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Андрей Шутов Словакияның «Слован» хоккей командасына ауысты. Сондай-ақ канадалық қақпашы Эдвард Паскуале елордалық клуб құрамынан кетті.