Швейцарияда өртенген бардың иесінің Францияда сотталғаны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Швейцарияның Кран-Монтана қаласында жаңа жыл түні өртенген Le Constellation барының иесі Жак Моретти Францияда сутенерлік пен алаяқтық баптары бойынша кінәлі деп танылған, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Швейцария, Кран-Монтана қаласы, өрт
Фото: Анадолу

Франциялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2008 жылы Моретти Францияның Анси қаласындағы қылмыстық соттың үкімімен сотталған.

Сот үкіміне сәйкес, Моретти бір жылға бас бостандығынан айырылған, оның ішінде сегіз айы шартты жаза болған. Сондай-ақ үкімде оған Франция аумағында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салу қарастырылған.

2010 жылы Моретти тағы да Францияның Бастия қаласындағы сотта алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп танылған.

Кран-Монтанада болған қанды өрттен кейін бар иесінің бостандыққа шығарылуы Швейцария қоғамы мен саясаткерлері тарапынан қатты наразылық пен сынға ұшырады.

Құрбандардың арасында кәмелетке толмағандар да болған, оларды тыйым салынғанына қарамастан, мекемеге кіргізген деген болжам бар.

Еске сала кетсек, өрт салдарынан 40 адам қаза тапты, тағы 119 адам қатты күйікпен және бір-бірін таптауынан алған жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. 

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Швейцарияда бес күндік аза тұту жарияланды.

Соңғы жаңалықтар