Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шевченко Швейцариядағы турнирде Бубликтің кеткен есесін қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко Швейцарияның Гштаад қаласындағы ATP 250 турнирінің жартылай финалына өтті.

Швейцариядағы турнирде Бубликтің кеткен есесін Шевченко қайтарды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде 90-орындағы франциялық Кентен Алиспен шеберлік байқасты. 
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Кентен Алис жеңген еді. 

Кеше Гштаадта күн жаңбырлы болғандықтан, ойындар кейінге қалдырылған еді. Сондықтан Шевченко мен Алистің бір күнде екі матч өткізуіне тура келді.

Бүгін франциялық теннисші Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бубликті қапы қалдырған еді.

Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Шевченко табандылық танытты — 7:6 (7:5).

Екінші сетте қазақстандық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Сосын өзі доп бергенде, сегізінші матчболын пайдалана білді — 6:3.

Шевченко 1 сағат 36 минутқа созылған бәсекеде 4 эйспен бірге 1 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Алис 7 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтты пайдалана алмады. 

Осылайша, Бубликтің франциялық теннисшіге кеткен есесін Шевченко қайтарды.

Александр Шевченко енді финалға шығу үшін әлемнің 28-ракеткасы, тағы бір франциялық Артур Риндеркнеш немесе рейтингіде 85-сатыдағы грекиялық Стефанос Циципастың қай жеңгенімен таласады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Швейцариядағы турнирдің ширек финалында ойнайтынын жазған едік.

Сондай-ақ Румыниядағы Яссы турнирінде жарыстың 1-ракеткасын жеңген Жібек Құламбаева финалға шықты.