Шығыс Қазақстан әкімі Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII форумына дайындық мәселесіне арналған жұмыс кеңесін өткізді
ӨСКЕМЕН. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстан әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Өскеменде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аймақаралық ынтымақтастығының VII форумына дайындық мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті. Форум қыркүйектің 6-7-сі күндері өтеді.
Сейсенбі күні өткен жұмыс кеңесіне қала нысандарын аталмыш шараға дайындауға жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Кеңестің күнтәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Таукебаев пен Өскемен әкімі Ислам Әбішев сөз сөйледі. Атап айтқанда, олар негізгі нысандарды дайындау және қаланы абаттандыру жөніндегі барлық жұмыстардың тамыздың 30-ына дейін аяқталатынын баян етті. Сондай-ақ осы мерзімге дейін қала бойынша 39 шағын сәулет формаларын орнату жұмыстары аяқталмақ, 8 жаңа субұрқақ іске қосылмақ. Оған қоса, қыркүйектің 1-інде Жібек маталар комбинаты (КТШ) ықшамауданында «Қазмырыш» компаниясының қаражатына салынған 280 орындық жаңа балабақша ашылғалы отыр.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі мектептерді жаңа оқу жылына дайындау мәселелері бойынша да бірқатар тапсырмалар берді.