Шымкентте балалар үйінің жүзге жуық тәрбиеленушісіне Наурызға орай сыйлықтар берілді (ФОТО)
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте балалар үйінің жүзге жуық тәрбиеленушісіне Наурыз мерекесіне орай сыйлықтар тапсырылды.
Наурыз мейрамын өткізудің тоғыз күндік жоспарына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында «Мейірім күні» белгіленген. Халқымыз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жоқ-жітікке қолұшын беру, қамкөңіл жандардың жағдайын түзеуге көмек беру сынды қайырымды істермен дәстүр сабақтастығын жалғастырған. Сондай бір игі іс - балалар үйлері мен мүгедектерді оңалту орталықтарында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, шүлен таратылды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Осыған орай бүгін Шымкент қаласында орналасқан облыстық №4 балалар үйінің жүзге жуық тәрбиеленушісіне сыйлық берілді. Қазақ жетімін жылатпай, жебей жүрген халық. Мұндай қайырымдылық акциясы жыл сайын өтуде.
Айта кету керек, өткен жылы бұл балалар үйінің 12 түлегі оқу грантын жеңіп алған болатын. Сонымен қатар облыста тұрмысы төмен отбасыларына арнап кәсіпкерлермен бірге қайрымдылық акциясы өтті. Осы акция аясында қаладағы төрт аудан әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратты. Сондай-ақ облыстағы алты оңалту орталықтарында қайрымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.