Шымкентте Ш.Қалдаяқовтың 85 жылдығына арналған ретро-фестиваль болып өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдығына арналған «Арыс жағасында» атты VI ретро-фестиваль болып өтті, деп хабарлады 24.kz.
Онда қазақ эстрадасының жұлдыздары сонау 80-ші жылдары сәнге айналған, талай жүректі тербеген әндерді шырқады. Шараға қазақтың белгілі композиторлары да келді. Сондай-ақ әні дарқан елдің әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқов ағамыз жайлы естеліктер айтылды. Ұлы сазгердің есімімен аталатын гүлзарда өткен «Арыс жағасында» ретро-фестивалінде халық сүйіп тыңдайтын және көп шырқалатын 40-қа жуық ән орындалды.
«Әрбір шыққан әнің шыққан күні үйреніп алып, радио, телевидениеде айтып, студенттер аудиториясында шырқап жататынбыз. Шәке мен жастар күн сайын кездесу жасайтын. Жалпы қазақ әндерінің негізі, лирика әндерінің қалыптасуы 60-шы жылдардан бастап қанат жайды деп айтуға болады. Соның қанат жаюына Шәмші ағамыздың шығармашылығы бірден-бір көмек болды», - деді ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов.