ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің бірінші кеңесінде саланы нығайтуға қатысты маңызды құжатқа қол қойылды
АНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында тұңғыш рет медицина саласына үлкен маңыз беріліп, Денсаулық сақтау министрлері деңгейінде үлкен келісімшартқа қол қойылды.
Бұл туралы Астанада өткен ШЫҰ мүше мемлекеттердің Денсаулық сақтау министрлерінің бірінші кеңесінен соң журналистерге берген сұхбатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығы туралы деп аталатын келісімшарттың осы сала үшін ықпалы зор. «Бүгінде әлемде түрлі жұқпалы аурулардың орын алып отырғаны белгілі. Ал ол індеттермен күресте әр елдің өзінің тәсілі мен тәжірибесі бар. Келісімшартта осы тәсілдер мен тәжірибе алмасу және осы мәселелер бойынша ақпарат алмаса отырып, ортақ проблемалармен күресу сияқты міндеттер қарастырылған», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі жиын саяси маңызы бар үлкен шара. Себебі соңғы уақытта еліміз халықаралық қатынастарды барынша жандандырып отыр. Осыған қарай елімізде атқарылып жатқан істер де халықаралық деңгейде халықаралық стандарттар негізінде атқарылуы тиіс. «Соңғы уақытта әлемде полемиолит, құс тұмауы, доңыз тұмауы сияқты адамзатқа қатер төндірген қауіпті дерттер көп кездесе бастады. Осы себепті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер біріге отырып, осындай қауіпті дерттердің алдын алуға күш салуда. Сонымен қатар қазір көршілес жатқан немесе жақын маңдағы көптеген елдерде жер сілкінсі сияқты табиғи апаттар да жиілеп кетті. Соның зардаптарын қалай жоюға болады деген сияқты мәселелерді біріге отырып, талқыға салдық. Осы мәселелер төңірегінде біз бүгінгі жиында сарапшылар кеңесін құрып, бірқатар құжаттарға қол қойдық. Яғни бүгіннен бастап денсаулық сақтау саласында үлкен ынтымақтастықтың іргесі қаланды десе болады», деді вице-министр.