ШЫҰ қатысушы-мемлекеттердің бас прокурорлары Мәскеуде қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат – Бүгін Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің 7-ші отырысы өтті.
Бұл туралы ҚазАқпаратқа қадағалау органының баспасөз қызметі хабарлады.Отырысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайдың бас прокурорлары қатысты. Қазақстанның делегациясын ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми бастап барды.Отырыс ауқымында аймақтардағы қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды. Солардың бірқатарын атап айтар болсақ, экономикалық саладағы қылмысқа бірлесе күрес жүргізу, діни экстремистік ұйымдар қызметінің жолын кесу, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдар, есірткі және адам саудасы қылмыстарына қатысты мәселелер талқыланды.Соңғы екі мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокуроры ШЫҰ аймағында құқық тәртібі мен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың тиімділігіне бірлескен күштерді шоғырландыру арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті. Сонымен қатар ҚР Бас прокурорының ресейлік әріптесі Юрий Чайкамен екі жақты кездесуі болып, тараптар азаматтардың құқығын қорғау және әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында экономика саласындағы құқық бұзушылыққа қарсы тұруды қамтамасыз ету мақсатында екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.Сондай-ақ Қ.Мәми РФ Прокуратурасы жанындағы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинмен кездесті, әңгіме барысында қылмыстық істер бойынша тиімді және шұғыл өзара құқықтық көмек көрсету туралы уағдаластыққа қол жетті. РФ ІІМ басшысы Рашид Нұрғалиевпен кездесу барысында қылмысқа қарсы күресті одан әрі бірлесе жүргізу және күшейту жөнінде шешім қабылданды.Сондай-ақ Қ.Мәми ҚХР Жоғарғы Халық прокуратурасының Бас прокуроры Цао Цзаньминмен кездесті. Кездесу барысында қылмысқа қырсы күресте қазақстан-қытай ынтымақтастығы мәселелері, бас бостандығынан айрылғандар жазасын одан әрі өтеу үшін, сотталғандарды беру туралы Қазақстан мен Қытай арасында келісім жасасудың қажет екендігі талқыланды.