ШЫҰ кеңістігіндегі құзырлы органдардың екі және көпжақты қарым-қатынасын күшейту қажет - Жанат Жарасов

АТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Соңғы кездері аймақтағы бейбітгшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда нақты қадамдардың қажеттілігі айтарлықтай өсті.

ШЫҰ кеңістігіндегі құзырлы органдардың екі және көпжақты қарым-қатынасын күшейту қажет - Жанат Жарасов

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Жанат Жарасов бүгін Алматыда өткен «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл: ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі заманғы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тәжірибе» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай айтты.

«Бұл ең алдымен лаңкестік, сепаратизм мен экстремизмнің трансұлттық үлгілерінің пайда болуы мен таралуына байланысты. Осыған орай Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі құзырлы органдардың екі және көпжақты қарым-қатынасын күшейту қажет. Олардың ШЫҰ мемлекеттері мен олармен шектесетін аймақтардағы ахуалға ықпалы айтарлықтай. Оның негізгілерінің бірі - лаңкестік және этнодіни шиеленіс ошақтарының болуы. Біз әлеуметтік қақтығыстарды, ұлтаралық және діни қарама-қайшылықтарды, есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қару саудасы және тағы басқа келеңсіз жайттардың өсуін байқап отырмыз», - Жанат Жарасов.

Оның айтуынша, ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылым аясында қазір құзырлы орындардың екі және көпжақты ынтымақтастығы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Құзырлы органдардың қызметінде жедел-іздестіру шараларын жүргізу, ақпарат алмасу, лаңкестік және тағы басқа да қылмыстық ұйымдардың мүшелерін іздестіруді жүргізуде тиімді құқықтық тетіктер құрылған.

«Қазір ШЫҰ кеңістігінде тиімді ықпалдасуға қажетті әлеует бар. Бірыңғай мақсаттардың болуы, теңқұқылы диалог пен қалыптасқан қарым-қатынастар бізге бейбітшілік пен келісімді және біздің елдеріміз бен халықтарымыззға қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндіктер береді. Бұл конференция аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешу жолындағы көзқарас пен пікірлерді алмасуда тағы бір нақты тәжірибелік қадам болмақ», - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.