10:33, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
ШЫҰ мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарты қабылданды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Тоқабаев/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартын ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған шарттың мақсаты ұйымға мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын ұлғайтудың және орнықты дамуына қолайлы жағдайлар жасаудың құқықтық негіздерін айқындау болып табылады. Сонымен қатар Шарттың ережелеріне сәйкес, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму саласындағы өзара іс-қимылының кең ауқымы көзделеді.
Сондай-ақ осы құжаттың күшіне енуі ШЫҰ аясындағы мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңейе түсетіндігімен маңызды болып табылады. Ал шартты қабылдау Қазақстанға ешқандай жағымсыз әсер етпейді әрі негізсіз қаржылық шығындарға ұрындырмайды.
Аталған Шартқа 2007 жылдың тамызында Бішкек қаласында қол қойылған. Бүгінгі күнге дейін Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасы осы құжатты қабылдаған.
Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.