15:49, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
«Siemens» компаниясы Қазақстанмен әріптестікті нығайтуға мүдделі
АЛМАТЫ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – 2009 жылдың 25-26 ақпанында «Сименс АГ» концерні басқарма төрағасы Петер Лёшер бастаған «Сименс» делегациясы Қазақстанда ресми сапармен болды.
Делегация құрамына «Сименс» компаниясының Ресейдегі және Орталық Азиядағы президенті Дитрих Мёллер, «Сименс АГ» басқармасының атқарушы кеңесшісі Руди Лампрехт және «Сименстің» Орталық Азиядағы президенті Кай Цвингенбергер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Siemens" ЖШС-нің маркетинг және корпоративті коммуникациялар бөліміне сілтеме жасап.Сапар аясында компания өкілдері ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездесті. Кездесуде энергетика және көлік саласында әріптестікке қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, басқосуда Алматы мен Астана қалаларының инфрақұрылымын жетілдіру жайын да сөз етті. Петер Лёшер Қазақстанның 2011 жылы өтетін Азия ойындарына дайындығына стратегиялық серіктес болуға дайын екендіктерін жеткізді. «Бізде бұл салада мол тәжірибе жинақталған. Бұған дейін Афина мен Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында, 2006 жылы Германияда өткен футболдан әлем чемпионатында стратегиялық серіктес болдық. Қазір де біздің тәжірибенің Қазақстанның халықаралық беделі үшін аса маңызды жобаны жүзеге асыруда пайдасы тиюі мүмкін», дейді П. Лёшер.Бұған қоса, «Сименс» делегациясы Астана қаласы әкімдігінің басшылығымен және еліміздің «КЕГОК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ, «Қазпошта» АҚ секілді ұлттық компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.«Сименс АГ» (Берлин және Мюнхен) ? электроника мен электротехника салаларында әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі болып табылады.