Silk Way Star финалын 120 млн көрермен тамашалады — Еркежан Күнтуған

АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған ОКҚ алаңында Silk Way Star жобасының финалына қатысты негізгі мәліметтерді жариялады.

Silk Way Star
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, биыл халықаралық қазылар алқасының бағалары мен көрермендер дауыс беруінің жиынтық нәтижелері ұсынылды. Дауыс беруге түрлі елдерден 508 287 адам қатысқан. Бұл — аймақтағы вокалдық тележобалар үшін ең жоғары көрсеткіштердің бірі және байқауға деген халықаралық қызығушылықтың айқын дәлелі.

Еркежан Күнтуған финал нәтижелері аралас жүйе бойынша анықталғанын атап өтті: 50% — көрермен дауысы, 50% — қазылар алқасының бағасы.

Silk Way Star
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Silk Way Star Азияның мәдени алуан түрлілігін тоғыстырған бірегей алаңға айналды. Жоба музыка елдер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, диалогқа мүмкіндік беретінін көрсетті. Көрермендердің белсенділігі өңірде халықаралық форматтарға деген қызығушылықтың жоғары екенін дәлелдейді, — деді ол.

Ол көрермендер дауыс беруінің қорытындысын да жариялады.

Еркежан Күнтуған
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Мишель Джозеф (Моңғолия) — 112 241 дауыс, Мадинабону Адылова (Өзбекстан) — 85 443, Чжан Хэ Сюань (Қытай) — 73 662, Язмин Азиз (Малайзия) — 73 609, Саро Геворгян (Армения) — 73 160, Автандил Абесламидзе (Грузия) — 46 027, ALEM (Қазақстан) — 32 145, — деп атап өтті Еркежан Күнтуған.

Еркежан Күнтуғанның мәліметінше, барлығы 43 елдің көрермендері дауыс берген. Ең көп дауыс Қазақстан, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Сингапур, Индонезия, Өзбекстан, Грузия және Малайзиядан түскен.

Сонымен қатар ол жобаның финалы Қазақстанда Jibek Joly телеарнасында тікелей эфирде көрсетілгенін, ал Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Моңғолияда серіктес арналар арқылы параллель эфир ұйымдастырылғанын айтты.

Silk Way Star жобасына арналған конференция
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Еркежан Күнтуғанның айтуынша, финалды әлем бойынша ТВ мен стримингтік сервистерде шамамен 120 млн көрермен тамашалаған.

Еске салсақ, кеше Астанада «Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетіп, Мишель Джозеф (Моңғолия) жобаның жеңімпазы атанды.

Бұдан бұрын Kazinform елордада өткен «Silk Way Star» вокалдық мега-жобасының гранд-финалынан фоторепортаж ұсынды.

Соңғы жаңалықтар