«Silk Way Star» — франшиза емес, отандық мамандардың медиа өнімі — Еркежан Күнтуған
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін Азия елдері арасындағы «Silk Way Star» халықаралық байқауы жобаға қатысушы елдердің бас телеарналарынан көрсетіледі. Бұл туралы өнер додасының басталуына орай «Қазмедиа орталығы» студиясында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

— Бұл ешқандай франшиза емес, қазақстандық мамандардың ойлап тапқан жобасы. Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген телеарналарда көрсетілетін ірі музыкалық халықаралық шоулар — шет елдердің франшиза өнімдері. Бұл байқауға 12 елден қатысушылар келеді. Биыл маусым айында ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) «Silk Way Star» халықаралық жобасы туралы келісімге қол қойған болатын. Сол келісімге орай, жобаны күзгі маусымға дайындап жатырмыз, — деді «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.
Спикердің айтуынша, қазірге дейін 80-нен астам өтінім келіп түскен. Ұйымдастырушылар солардың ішінен ең мықты 12 әншіні іріктеп алған.
— Олар өз елдерінде аудитория жинаған өте танымал әншілер. Тіпті Eurovision-ге қатысқан әншілер келеді. Бұл кейін жыл сайын өтетін жобаға айналатынына сенеміз. Бұл байқау Қытайдың Орталық телеарнасынан көрсетіледі. Қазақстандық өнімнің шетелдік телеарнадан көрсетілуі — отандық медиа мамандардың еңбегінің жемісі. Біздің сапа, біздің дәреже шетелдік көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамыз, — деді Еркежан Күнтуған.
Айта кетейік, бұған дейін Азия мемлекеттері арасында алғаш ұйымдастырылған музыкалық байқау Астанада өтетінін жазған едік.
«Silk Way Star» байқауы бірқатар Азия елінде телеарнадан көрсетіледі.
Онда Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсететін болды.