SILK WAY STAR қатысушылары бірінен-бірі өтеді, баға қою оңай болмай жатыр — Қазылар алқасының мүшесі

АСТАНА. KAZINFORM – «SILK WAY STAR» халықаралық байқауы қазылар алқасының мүшесі, Тәжікстанның Еңбек сіңірген қайраткері Парвина Шухруллаева жобаға қатысушылар қандай критерийлер бойынша іріктелетінін айтты.

SILK WAY STAR қатысушылары бірінен-бірі өтеді, баға қою оңай болмай жатыр — Қазылар алқасының мүшесі
Фото: Видеодан алынған скрин

— Бұл Астанаға алғаш рет келуім. Мені заманауи әрі әсем қалаларыңыз таңғалдырды. Жылы қабылдағаны үшін қазақ халқына және ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Жоба мұнша ауқымды деп күтпеген едік, ұйымдастыруына өте жоғары деңгейде. Өз елімнің атынан мұндай байқауға қатысу мен үшін зор мәртебе, - деді ол «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында. 

Сондай-ақ ол жобаға қазылық жасау қиынға соғып жатқанын да атап өтті.

— Біз алғашқы эфирді түсірдік. Қатысушылардың ішінен мынау мықты, мынау төмен деп бағалау қиынға соқты, себебі бәрінің деңгейі жоғары. Вокалы, харизмасы, әртістік қабілеті – бәрі-бәрі керемет! Бүгін екінші эфирді түсіріп жатырмыз, өкінішке қарай байқаудың талабы солай, енді қатысушыларды іріктей бастауымыз керек. Сәйкесінше, кейбір қатысушылар жобамен қоштасатын болады, - деді Парвина Шухруллаева. 

Одан бөлек қатысушыларға негізінен қандай критерийлер бойынша бал қойылатынын айтты. 

— Әуелі бұл вокалдық байқау екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан ең бірінші әншілердің вокалдық деңгейіне қараймыз. Бірақ әнші деген көптеген қасиетті бойына тоғыстырған өнер иесі ғой. Оның әртістігі, сахнада өзін ұстауы, биге икемі – бәрі де үйлесіп тұруы керек. Соның бәрін жалпылай қорыта келе ұпай тағайындаймыз, - деді тәжікстандық әнші. 

Айта кетейік, жобаға Тәжікстан атынан Фахриддин Хакимов қатысып жатыр.