СІМ қазақстандық студенттің ұсталғандығы жайлы ақпаратты тексеріп жатыр

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қазақстандық студенттің ұсталғандығы жайлы ақпаратты тексеріп жатыр. Осы уақытқа дейін министрліктің көмегіне жүгініп ұсталған қыздың туысқандары, жақындары немесе таныстарынан бірде-бір адам хабарласқан жоқ. Егер біреу хабарласып немесе қыздың Қазақстан азаматы екендігін дәлелдейтін жеке төлқұжатын жеткізсе, біздің тарапымыздан түбегейлі тексеру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ақпараттарды сұрататын едік», - деді Әнуар Жайнақов.
Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында 28 шілде күні Қытай шекарасында қазақстандық 19 жасар студент Аққу Еренбектің ұсталғандығы жайлы ақпарат тараған болатын. Қауіпсіздік органы қызметкерлері С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (Өскемен) студентінің ұялы телефонынан экстремистік бағытты көздейді деп саналған мәтін тауып алған.
Құран мәтінінен басқа қыздың ұялы телефонынан «Қылмыс» романы табылған. Кітаптың авторы - өмірінің 40 жылын қытай түрмесінде өткерген Қажығұмар Шабданұлы. Оны ұлттық көтерілістер ұйымдастырып, тыңшылық қызмет атқарды деп айыптағаны белгілі.