Синтетикалық есірткіні зерттейтін 24 кешен сатып алынады
АСТАНА. KAZINFORM – Синтетикалық есірткіні зерттейтін 24 заманауи сараптамалық-зерттеу кешені сатып алынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Есірткі құралдарына сараптама жүргізетін «Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әр өңірде 20 аумақтық бөлімшесі бар. Орталықтың аумақтық бөліністері есірткінің жаңа түрлерін анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жабдықтардың ең минималды қажетті жиынтығымен жабдықталған (масс-спектрометриялық детекторлары бар газ хроматографтары, жалындыиондану детекторы бар газ хроматографтары және ИҚ-Фурье спектрометрлері). 2023 жылы Үкімет орталықтың бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жетілдіру жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған жол картасын бекітті Оны Әділет министрлігі әкімдіктермен бірге іске асырады. Бұл жол картасында аумақтық бөлімшелер үшін сараптамалық жабдық сатып алу жоспарланған», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Олжас Бектеновтің дерегінше, биыл жол картасы аясында жалпы сомасы 4 млрд теңгеге 8 бірлік зертханалық жабдық сатып алынды. Осы жылдың соңына дейін тағы 1 бірлік жеткізілмек.
«Бұдан басқа, осы бөліністерді одан әрі техникалық жарақтандыру мақсатында кешенді жоспарда синтетикалық есірткіні зерттеу бойынша 24 заманауи сараптамалық-зерттеу кешенін сатып алу көзделген. Нәтижесінде биыл қыркүйектен бастап орталықтың бөлімшелерінде есірткінің заттарының кейбір түрлері бойынша сараптама жүргізу мерзімі 1 тәулікке дейін қысқартылды», - деді ол.
Айта кетейік, соңғы 2 жылда елімізде 123 есірткі зертханасы жойылды.