Сыр диқандары су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл бұл көрсеткішті 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді. 

Сыр диқандары су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады
Фото: ОКҚ

Әкімнің айтуынша, қазір 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылды.

— Соңғы жылдары болған су тапшылығы әсерін Сыр диқандары да сезініп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде Премьер-министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Нәтижесінде Төтенше жағдайлар министрлігінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам көмекке жеткізіліп, 2 ай бойы шаруаларымыздың игілігі үшін үлкен жұмыс істеді, — деді Н. Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет резервінен Қызылорда облысына 53 насос қондырғысын алу үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Дер кезінде қабылданған шешімдердің негізінде егіс алқаптары толығымен сумен қамтылған.

Енді су ресурстарын барынша тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру жұмыстары қолға алынған.

— Биыл диқандарымыз күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті 30 пайызға арттырды. Президент тапсырмасымен өңіріміздің егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылға 10 млрд теңге қарастырылды. Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 8 мың 100 гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты, — деді Н. Нәлібаев.

Облыстың 3 ауданында (Шиелі, Қазалы, Арал) шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы жүгері, жоңышқа дақылдарын егу бойынша 3 ірі жоба жүзеге асып келеді.

— Өңірімізде биыл 189 мың 600 гектарға егін егілді. Оның ішінде 80 мың 900 гектарға күріш дақылы егілді. Бүгінде әр гектардан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысының бюджеті 851 млрд теңгеден асты. Биыл Қызылордаға 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Бұған дейін облыс әкімі Қызылордада инвесторлар қандай ірі зауыттарды ашатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар