Сыр өңіріндегі Бәбіш мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмысы жүргізіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 483 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. 

Сыр өңіріндегі Бәбіш мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмысы жүргізіледі
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекеменің мәліметінше, оның 31-і республикалық, 398-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Қалғаны алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының қатарында.

— Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асырылады. Атап айтсақ, ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жүргізіледі. Сонымен қатар республикалық және жекелеген ұйымдар есебінен Жаңақорған ауданындағы Сығанақ, Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашықтарына археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына сәйкес биыл республикалық бюджет есебінен Сығанақ қалашығы мен Бақатам кесенесі реставрациядан өткізіледі, — деді мекеме басшысы Ерғазы Алданазаров.

Бұған дейін біз Талдықорған қаласы аумағында орналасқан Тасбақа тауы археологиялық кешені ресми түрде қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгенін жазғанбыз.