Сыр өңіріндегі туризм — тарих пен табиғаттың үйлесімі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында турист тартуға таптырмас орындар жетерлік. Олардың қатарында тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі жерлер, ескі қалашықтар мен кесенелер бар. Облыстық туризм басқармасы оқырман назарына осындай дестинациялар тізімін ұсынады.
Аспан мен жерді жалғаған — «Байқоңыр»
Аспан мен жерді жалғаған «Байқоңыр» ғарыш айлағы 1955 жылы құрылған. 6,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, ұзындығы — солтүстіктен оңтүстікке қарай 75 шақырым, батыстан шығысқа қарай 90 шақырым. Ғарыш айлағының жерүсті инфрақұрылымының құрамында 9 ұшыру кешені, ғарыш аппараттарын, зымыран тасығыштар мен үдеткіш блоктарды құрастыруға, сынақтан өткізуге арналған 11 монтаждау-сынау корпусы, ғарыш аппараттары мен үдеткіш блоктарға отын компоненттері мен сығылған газ құятын жанармай құю станциялары, «Юбилейный» және «Крайний» әуежайлары, өлшеу және ғарышкерлерді ұшыру алдында даярлықтан өткізетін оқу-жаттығу кешендері бар. «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Союз», «Протон», «Зенит», «Циклон», «Энергия-Буран», «Днепр», «Рокот», «Стрела» зымыран-ғарыш кешендері орналасқан. Ең негізгілері — «Союз» және «Протон» зымыран тасығыштары.
— Жұлдызды қалашықтағы көрікті орындардың бірі — ғарыш айлағының тарих мұражайы. Екінші «Гагаринский старт» алаңында орналасқан ғылыми-зерттеу және білім беру орталығының аумағында Сергей Королев пен Юрий Гагариннің мемориалдық үйлері, «Буран» толық өлшемді макеті бар. Қалалық тарих мұражайындағы негізгі экспозициялармен Байқоңырдың жауынгерлік және еңбек даңқы, зымыран-ғарыш техникасын дамыту және ғарыш кеңістігін игеру тарихы, этнография, көрме залдарында танысуға болады. «Союз» зымыран тасығышының макеті 1980 жылы ғарыш айлағының құрылғанына 25 жыл толуына орай ашылған. Бұл — ғарыш кеңістігіне қадам басқан алғашқы адам Юрий Гагаринге арналған ескерткіш. Сондай-ақ академик Сергей Королев, ақын Абай Құнанбаев пен тұңғыш ғарыш конструкторы Владимир Барминнің құрметіне, академик Михаил Янгель құрастырған РКК конструкторына арналған ескерткіштер бар. Байқоңыр қаласында қыдырып келушілер орналасатын 6 қонақүй, 9 мейрамхана, 4 бар, 31 кафе орналасқан, — деді басқарма басшысы Дінмұхаммед Ермеков.
Ежелгі өркениет ізімен
Сыр өңірі — еліміздегі көне өркениет ізі көбірек сақталған өлке. Сығанақ Жаңақорған ауданының орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Тоғыз жолдың торабындағы ежелгі қала ретінде Ұлы Жібек жолы бойында стратегиялық орталық рөлін атқарған. ХІ ғасырдың соңында Сыр бойына келген қыпшақтардың орталық қаласы еді. Ал бүгінде алыс және жақыннан келетін жиһанкездерді тартатын тарихи-мәдени орталыққа айналып отыр. Қалашыққа ауызсу келіп тұр, көліктер асфальт төселген айнадай жолмен жүреді, автотұрақ пен жол белгілері бар.
Оғыз тайпаларының Сырдария өзенінің жағасындағы ең атақты қалаларының бірі — Жанкент. Қазалы жерiндегi республикалық санаттағы археологиялық ескерткiш IХ-Х ғасырларға тиесілі. Орны Сырдария өзенiнiң сол жақ бетiнде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан.
Басқарманың мәліметінше, транспорттық қолжетімділік пен туристік объектілердің инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында Өркендеу ауылының кіреберісіндегі 5,65 шақырым, Жанкенттің кіреберісіндегі 1,5 шақырым автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті. 2019 жылы қалашықта зерттеу жұмысы жүргізіліп, айналасы қоршалды. Кіреберісіне 12 метрлік Жанкент стеласы орнатылды. Қызылорда облысы бойынша туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік реестріне енген.
Рухани дәстүрдің тірегі
Өңірде орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені, Марал ишан, Қорасан ата, Оқшы ата кесенелері мен «Айқожа» мешіті туристік маңызы зор нысандар қатарында.
Қорқыт баба мәңгілік тыныстаған тарихи мемориалды кешен Қармақшы ауданында 1980 жылы бой көтерген. Оның жобасын сәулетші Бек Ибраев пен физик-акустик Сергей Исатаев әзірлеген. Ескерткіш биіктігі 8 метр 4 тік стеладан тұратын қобыз бейнесінде. Кейін бірнеше рет қайта жаңғыртылып, мұражай мен амфитеатр қосылды. Қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани мұрасын дәріптейтін қасиетті орынға келушілер саны жыл санап артып келеді.
Марал ишан кесенесі Қармақшы ауданының Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. ХІХ ғасырда салынған. 2010 жылы облыстық бюджеттен төлқұжаты жаңартылып, қорғау тақтасы қойылды. 2017 жылы жергілікті маңызы бар микросакралды киелі орындар тізіміне енді. 2018 жылы аудандық бюджет есебінен реставрация жасалып, облыстық бюджет қаржысына 3 D форматындағы интерактивті картасы дайындалды. Осы жұмыс аясында далалық экспедициялар ұйымдастырылды.
— Қорасан ата кесенесі Жаңақорған ауданының орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. ХІХ ғасырдың аяғында күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. «Айқожа» мешіті де осы ауданда, Жаңақорған кентінен 65 шақырым қашықтықта. 1881 жылы іргесі қаланған. Екі нысанда ауызсу тартылған, 25 адамға арналған қонақүй, асфальт жол, автотұрақ, жол белгілері бар. Шиелі ауданындағы Оқшы ата мазары сәулеттік құрылысымен көз тартады. Қазақ жеріндегі оғыз-қыпшақ кезеңінен сақталған бірден-бір кесене. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш әрі туристік нысан. Мазардың ұзындығы — 7,15 метр, ені — 7,10 метр, порталының биіктігі — 4,80 метр, қабырғасының биіктігі — 3,30 метр, күмбезінің биіктігі — 3,35 метр. Құрылысына шаршы тәріздес күйдірілген кірпіштер пайдаланылған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2005 жылы қайтадан жаңғыртылып, 2011 жылы қорғау тақтасы орнатылды, — деді Дінмұхаммед Ермеков.
Қаратау сілемдеріне тіл біткенде
Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашалып жазылған. Бойына сан мың сырды жасырған «Сауысқандық» шатқалы Шиелі ауданының Еңбекші ауылына жақын маңайда. Жартастағы бейнелер кешенін 2004 жылы Х. А. Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің профессоры Мадияр Елеуов бастаған археологиялық экспедиция зерттеді.
Бейнелер негізінен Баласауысқандық өзенінің бойында, үлкен Сауысқандық тауының солтүстік-батыс бөктерінде көрініс тапқан. Ал оңтүстік-батысында шағын су сарқырамасы бар. Бұл — тамыры терең археологиялық ескерткіштер ғана емес, сонымен қатар тарихи ландшафтқа бай туристік нысан. Петроглифтер тас дәуірі мен орта ғасыр аралығын қамтиды. Көптеген суретте шоқпары бар адамның кейпі кездеседі. Аң-құс бейнеленген бетперде үлгісіндегі бас киімді аң терісінен тігіп киген, бұл сол кездегі діни көзқарас пен салт-дәстүрді білдіреді. Сондай-ақ адам тәрізді пішіндер, бұқа, арба, түйе, тағы басқа аң стиліндегі көріністі байқауға болады. Бұл суреттер алуан түрлі болғанымен өзара байланысы бар тұрмыстық, діни және мифологиялық сюжеттермен бір композицияға біріктірілген.
Көл жағасындағы демалыс
Арал ауданының аумағында орналасқан Қамбаш көлі — туристер жиі тұрақтайтын демалыс аймағы. Флора мен фаунаға бай бірегей су айдыны. Жағажай жиегі табиғи ірі түйіршікті құмнан тұрады. Суы мөлдір, тұщы. Көлемі тұрақсыз, орташа есеппен 170 шаршы шақырым. Тереңдігі 10 метрге созылып жатыр. Суға түсушілер мамыр мен қыркүйек аралығында бұл жердің көркін қыздырады. Көл жағасындағы демалыс аймағында жергілікті экзотиканың дәмін татуға, киіз үйлерде демалуға мүмкіндік жасалған.
Шиелі ауданының Бәйгеқұм ауылында орналасқан Ханқожа көлі де демалушылар жиі баратын орынға айналды. Жаз мезгілінде мұнда ақылы қызмет көрсететін демалыс аймақтары жұмыс істейді. Көл суына шомылып, кемемен серуендеуге болады.
Жайлылық мекені
Жаңақорған — тұмса табиғатымен дараланған аудан. Ал табиғаттың өзі сыйлаған ем мен жайлылықтың мекені деп «Жаңақорған» шипажайын айтуға болады.
Ол Түркістан қаласына жақын маңда, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Шипажай Қазақстанның көне бірегей балшық курорттарының бірі саналады. Көптеген жыл бойы Қазақстанның сауықтыру орындарының арасында тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеу бойынша ерекше маңызға ие.
Республикада баламасы жоқ бірегей емдеу тәсілін ұсынады. Шипажай Теріскен көлінің жағасында қоныс тепкен. Ал жоғары белсенді тұнба балшығы мен шипалы суды қолдану ем алушылардың сауығуына сеп.
«Geopark Aral»
«Geopark Aral» жобасы — Орталық Азиядағы алғашқы туристік бағыт. Бұл бастама Арал теңізінің табиғаты мен осы өңірдің экономикасын сақтау мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға, экологиялық жағдайдың оңалуына, турист тартуға мүмкіндік береді. Өңірге келушілер киелі мекенді көріп, археологиялық, геологиялық және тарихи ескерткіштердің мол мұрасымен таныса алады.
Әлемдік тәжірибе геопарктер елдің визит карточкасы мен көрнекті орын ғана емес, табысты бизнес-жоба да бола алатынын дәлелдеп үлгерді. Қазір әлемнің 49 елінде ЮНЕСКО тізіміне енген 208 жаһандық геопарк бар.
Еске салайық, жуырда Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышып, Қызылорда облысындағы туризмнің даму барысы туралы шығарылымды ұсынған болатын.