Сирия бейбітшілікті құрудың жаңа кезеңін бастан өткеруде - Астанадағы келіссөздерге қатысушы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия бейбітшілікті құрудың жаңа кезеңін бастан өткеруде. Бұл туралы бүгін Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздерінен кейінгі баспасөз мәслихатында аталған елдің адам құқықтары саласындағы белсендісі Амар Абдулхамид мәлім етті.
None
None

«Бұл кездесудің мақсаты - Сирия ішіндегі оппозиция өкілдерінің кездесіп, тиісті нәтижеге қол жеткізу. Біз Сирияда бейбітшілікті құрудың жаңа кезеңін бастан өткерудеміз.Сириядағы зардап шеккен халыққа көмек көрсету мәселесі бойынша мәмілеге келу үшін оппозиция өкілдерінің елеулі бөлігін қамтып, ортақ тұғырнаманы қалыптастыруды көздеп отырмыз»,-деді А. Абдулхамид.

Бүгінде Сирияның болашағына қатысты елдің оппозициялық топтары арасында Астанадағы кездесу тұрғысында көптеген пікірлер айтылып жатқанына тоқталған ол, «осы жүздесу бұдан да кеңейтілген алаңға айналып, басқа да мәселелерді қамтуы мүмкін»,-деді.

Сонымен қатар ол Сирияның өзге де оппозиция өкілдерімен диалогқа дайын екендіктерін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның басында Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері басталды. Осыған дейін Сирияның оппозициялық күштер тобы Қазақстанға Сириядағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздерде делдалдық ету туралы өтінішін білдіргені белгілі.

Осы елдегі аса ауыр гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ішкі сириялық шиеленістің тек бейбіт жолмен және сириялықтар өздері ғана шешуі қажет деген бағдарын берік ұстанып, Қазақстан Сирия оппозициялық күштер өкілдерінің диалогы алаңын ұсыну шешімін қабылдады және келіссөздердің сәтті өтуі үшін қажетті жағдай жасады.

Келіссөздер жабық есік форматында өтті. Келіссөздер қорытындысы тараптар саяси шешім бойынша Астана декларациясына қол қойды.

Соңғы жаңалықтар