Сирия президенті Израильмен қауіпсіздік жөніндегі келісім жасау мүмкіндігін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Сирия президенті Ахмед аш-Шараа Израильмен қауіпсіздік саласындағы келісімге қол жеткізу мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай құжат Сирияның Голан жоталарына қатысты ұстанымынан бас тартпай-ақ, екі ел арасындағы жан-жақты бейбітшілікке жол ашуы керек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ахмед аш-Шараа бұл туралы Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында айтты.
– Біз Израильмен текетірестен қашуға тырысамыз, өйткені бұл Сирияның мүддесіне сай келмейді, – деді Сирия президенті.
Оның айтуынша, Дамаск Израильге қысым жасап, Сирияға қатысты теңгерімді саясат ұстануға ынталандыратын мемлекеттердің қолдауына ие болуға ұмтылып отыр.
Ахмед аш-Шараа сондай-ақ Сирия Ливандағы жағдайға әскери жолмен араласуды жоспарламайтынын айтты. Оның пікірінше, көрші елдегі дағдарысты кешенді түрде шешу қажет, ал күш қолдану туралы шешім қабылдау құқығы тек Ливан мемлекетінің өзіне тиесілі болуы керек.
2024 жылдың желтоқсанында Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад биліктен кеткеннен кейін Израиль әскері Сирия аумағындағы бірқатар стратегиялық ауданды, соның ішінде демилитаризацияланған аймақтағы Хермон тауының сириялық бөлігін бақылауға алған болатын. Содан бері Израиль Сирия аумағына тұрақты түрде соққы жасап келеді. Израиль мұндай операцияларды елдің оңтүстік-батысындағы друз қауымын қорғау мақсатымен түсіндіреді.
Сонымен қатар, Сирияның SANA агенттігінің хабарлауынша, Израиль артиллериясының Маария ауылын атқылауы салдарынан электр трансформаторы жойылып, тұрғын үйлердің бір бөлігі жарықсыз қалған.
Сол күні Сирияға сапармен барған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш елдің егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырып, Сирияға салынған барлық санкцияларды алып тастауға үндеді.