Сирияда жанармай бағасының өсуіне қарсы наразылық жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның бірнеше өңірінде жанармай бағасының қымбаттауына байланысты наразылық күшейді. Осы мәселеге байланысты Энергетика министрі парламентке шақырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сирияда жанармай бағасының өсуіне қарсы наразылық жалғасып жатыр
Фото: x.com / @ScharoBajalan

Өткен демалыс күндерінен бері Сирияда жанармай бағасының күрт өсуіне қарсы наразылық өтіп жатыр. Сейсенбі күні елдің солтүстік-шығысындағы, негізінен күрдтер тұратын әл-Қамышлы қаласының көшелеріне жүздеген адам шықты.

Дизель отыны бағасының 40%-ға, бензиннің 26-28%-ға, ал тұрмыстық және өнеркәсіптік газдың шамамен 9%-ға қымбаттауы халықтың наразылығын туғызды. Жиналғандар бағаның өсуін жоюды, сондай-ақ Сирияның Энергетика министрі Мұхаммед әл-Башир мен Сирия мұнай компаниясының басшысын қызметінен босатуды талап етті.

Reuters мәліметінше, бұл географиялық ауқымы жағынан Башар Асад биліктен кеткен 2024 жылғы желтоқсаннан бергі ең ауқымды наразылық болды.

Соңғы күндері Алеппо, Хама, Хан-Шейхун, Мааррат-ән-Нуғман және басқа да елді мекендерде наразылықтар өтті. Қатысушылар көлік жолдарын, соның ішінде Дамаск пен Алеппоны жалғайтын тасжолды бөгеп, дөңгелектерді өртеді.

Дүйсенбіде бірнеше провинцияда наразылық жалғасты. Қатысушылар елдің орталық бөлігіндегі мұнай өңдеу зауыттарына бағыт алған мұнай тасымалдайтын автоцистерналардың жолын бөгеді.

Сейсенбі күні әл-Қамышлы қаласының жүздеген тұрғыны жанармай бағасының қымбаттауына және «аштық саясатына» қарсылық білдірген плакаттармен көшеге шықты. Олар дизель отыны мен нан бағасын төмендетуді талап етті. Тұрғындардың айтуынша, қосымша шығындар табысы төмен отбасыларға ауыр тиеді.

Сонымен қатар азық-түлік пен көлік бағасының одан әрі қымбаттау қаупі де халықтың наразылығын күшейтіп отыр.

Сирияның Энергетика министрлігі жанармай бағасының қымбаттауын уақытша шара деп атады. Министрлік бұған мұнай өнімдерін сатып алу, тасымалдау және сақтандыру шығындарының әлемдік нарықта өсуі себеп болғанын мәлімдеді. Бұған қоса, елдегі ең ірі Банияс мұнай өңдеу зауытының үш айға жоспарлы күрделі жөндеуге жіберілуі отын жеткізіліміне қосымша салмақ түсірді. Жөндеу аяқталғаннан кейін кәсіпорынның тәуліктік қуатын 80 мыңнан 130 мың баррельге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Энергетика министрі Мұхаммед әл-Баширдің айтуынша, Сирия тәулігіне шамамен 102 мың баррель мұнай өндіреді. Ал елдің ішкі қажеттілігі шамамен 325 мың баррельді құрайды. Жетпейтін көлем импорт есебінен қамтамасыз етіледі.

Билік өкілі Абдельхамид Саляттың айтуынша, жанармай бағасы әлемдік нарықтағы жағдайға қарай қайта қаралып отырады. Ұзақ мерзімді перспективада билік отынды өңдеу және сақтау қуаттарын арттыруды жоспарлап отыр.

Сириядағы наразылықтарға байланысты Халық кеңесі (парламент) 17 қыркүйекте Энергетика министрін шақырып, мәселені талқылауды жоспарлап отыр. SANA агенттігінің мәліметінше, бұл шешім парламенттің Энергетика комитетінің сұрауы бойынша қабылданған.

Депутаттар бағаның өсуіне не себеп болғанын және жаңа тарифтік мөлшерлемелердің қандай негізде енгізілгенін сұрамақ.

Бұл — Иранмен соғыс басталғалы бері жанармай бағасының кезекті рет көтерілуі. Reuters агенттігінің есебінше, ақпан айынан бері Сирияда октан саны 95 болатын бензин шамамен 86 пайызға, ал дизель отыны екі еседен астам қымбаттаған. Осы кезеңде Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 44% өскен.

Жанармай бағасының өсуі бірнеше жылдан бері экономикалық дағдарыстың зардабын тартып отырған Сирия халқына түсетін ауыртпалықты күшейтіп отыр. БҰҰ Даму бағдарламасының бағалауынша, қазіргі уақытта сириялықтардың шамамен 90%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Ал 2011 жылы соғыс басталғанға дейін бұл көрсеткіш халықтың шамамен үштен біріне тең болған.

Бұған дейін Иордания, Сирия және Ливан Араб құбыры арқылы газ алмасуға келіскені хабарланған болатын

Ақзат Жиеналина