Сириядан қашпақ болған бірнеше қазақстандық өлім жазасына кесілген - ҰҚК
«Тартатындардың дені шетелдіктер. Әсіресе интернет арқылы азаматтарымызбен байланыса бастаған. Бұл насихат әлеуметтік желілерде де қызу жүргізілген. Олар өмірдің әділ болатынын, барлық діни ережелер сақталатынын айтып, адамдарды алдап отырған», - деді ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бақытбек Рахымбердиевтің айтуынша, алданып шақырылған қазақстандықтар сол жерге барғаннан кейін шындығында жағдайдың мүлде басқа екендігіне, ешқандай әділдіктің жоқтығына көз жеткізген.
«Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені, ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Біздің азаматтардың қашпақ болғаны үшін өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар», - дейді Бақытбек Рахымбердиев.
Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.
Ал бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмысы жалғасатынын мәлім еткен еді.