Сыртқы факторлар әуе компанияларына қаншалықты әсер етті

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі осы жылы авиация саласына ықпал еткен сыртқы факторларға, яғни Таяу Шығыстағы жағдай мен Ресей мен Украина арасында ахуал әуе компанияларына қаншалықты әсер еткеніне түсінік берді.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың 2025 жылғы жетістіктері қандай
Фото: Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай

- Осы жылдың ақпан айының соңында Таяу Шығыстағы оқиғаларға және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар мемлекеттің әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты қазақстандық компаниялар жекелеген рейстерді тоқтатуға, сондай-ақ әуе сапары бағыттарына түзетулер енгізуге мәжбүр болды. Аталған сыртқы факторлар Қазақстанның авиация саласының тұрақтылығына кері әсерін тигізген жоқ, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл ретте ведомство Таяу Шығыс елдеріндегі әуе компаниялары Қазақстанға рейстерді орындауды жалғастырып жатқанын, ал қазақстандық тасымалдаушылар қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, бағыттарды қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, авиациялық қауіпсіздік саласында Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.

Еске салсақ, биыл жазда Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне баланысты әуе рейстері бойынша біршама өзгеріс болды.

Биыл маусым айында Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу тізбегіндегі іркілістер аясында Еуропа мен Азияның бірқатар әуе компаниясы авиаотын бағасының қымбаттауы мен оның тапшылығы қаупіне байланысты рейстер санын қысқарта бастады.