Авиациялық қауіпсіздік: Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді
АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі әуежай қауіпсіздігі 95,7% болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.
— Қазақстан ИКАО талаптарына жоғары деңгейде сәйкес келеді. Әуежай қауіпсіздігі 95,7%, әуе компанияларының қауіпсіздік деңгейі 82%. Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды, — деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның сөзіне қарағанда, авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды.
— ИКАО-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі тиісті жоспар әзірленіп жатыр, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстаннан тікелей жүретін халықаралық рейстерді көбейтуді тапсырды.