Сыртқы істер министрлігі Варшавада жоғалған Қазақстан азаматына қатысты істі бақылауына алды
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі Варшавада жоғалған Қазақстан азаматы Екатерина Шиловаға қатысты істі бақылауына алды.
Facebook-тегі «Варшава жаңалықтары» парақшасында жарияланған ақпаратта 42 жастағы Екатерина Шилованың 18 ақпанда Варшавадан Астанаға сағат 23:00–де ұшатын ұшаққа отырмағаны айтылады.
— Туыстары одан түсініксіз хабарлама алған және оның жазбағанына сенімді. Ол сәрсенбі күні Шопен әуежайынан Қазақстанға ұшуы тиіс еді. Алайда әуежайға келмеген. Жоғалған күні өзімен бірге қаражаты болған, — делінген ақпаратта.
Осыған орай Сыртқы істер министрлігіне мән-жайды анықтау үшін жүгінген едік. Министрлік баспасөз қызметі бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
— Варшавадағы Консулдық бөлім жергілікті құзырлы органдарға ресми нота жолдады. Варшаваның Бас полиция басқармасы ақпараттың алынғанын растап, істі іздестіру департаментіне жолдады. Қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында, — деп атап өтті ведомстводан.

Айта кетелік полиция Германияда кісі қолынан қаза болған экс-судьяның күйеуі мен енесіне іздеу жариялаған еді.