«Іскер аймақ» бағдарламасы шағын бизнесті дамытудың жаңа бірыңғай тәсілін қалыптастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ҚР Үкіметінің «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы» қаулысының жобасы әзірленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі жариялады.

«Іскер аймақ» шағын бизнесті дамытудың жаңа бірыңғай тәсілін қалыптастырады
Фото: ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Құжат ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 94-бабының 3-тармағына және 96-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленіп, бүкіл ел бойынша шағын кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай, жүйелі тәсілін қалыптастыруға арналған.

Жоба қаржылық және қаржысыз құралдарды кешенді пайдалануды, сондай-ақ жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымдық қолдауды көздейді.

— Шағын бизнес субъектілеріне қаржылық көмек кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру арқылы беріледі. Бұл шаралар қарыз қаражаттарының құнын төмендетуге және кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайларды қоса алғанда, несие ресурстарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Қаржылық емес қолдау салалық онлайн-оқытуды, сондай-ақ кәсіпкерлерді сервистік және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді қамтиды, бұл олардың құзыреттерін арттыруға және жобаларды табысты іске асыруға ықпал етеді, — делінген ақпаратта.

Инфрақұрылымдық қолдау шағын бизнестің инженерлік, өндірістік, логистикалық, өткізу және туристік инфрақұрылымды қоса алғанда, қажетті объектілерге — үй-жайларға, жер учаскелеріне және өндірістік қуаттарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП өңірлік мамандануды ескере отырып, қызмет түрлерін айқындайды, кәсіпкерлердің өтінімдерін қарайды және бекітеді, сондай-ақ нәтижелерге кейіннен мониторинг жүргізе отырып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетеді.

Жобада кәсіпкерлікті дамыту үшін ортақ жауапкершілікке тартылатын өңірлердің рөлдері басымдыққа ие. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-экономикалық әлеуетті және өзекті қажеттіліктерді ескере отырып, басым тауашалардың тізбесін қалыптастырады, бұл қолдау шараларын неғұрлым дәл баптауды қамтамасыз етеді және теңгерімді аумақтық даму үшін жағдай жасайды.

Бағдарламада өңірлік экономиканың ерекшелігін ескеретін кредиттік лимиттердің екі деңгейлі жүйесі іске асырылды.

Бірінші деңгей өңірлік мамандануға сәйкес келетін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қамтиды. Бұл жергілікті шикізатты пайдалана отырып, технологиялық тұрғыдан қарапайым және тез жүзеге асырылатын өндіріс: ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік шағын өндірістері, наубайханалар, ағаш өңдеу және ауылдық округтердегі, аудан орталықтарындағы және шағын қалалардағы қолөнер қызметтері. Бұл деңгейге субсидиялар бюджетінің 70%-на дейін бөлінеді.

Екінші деңгей тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және өңірлерде ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікті құруға бағытталған тамақ өндірісі, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы шағын бизнес жобаларын қамтиды. Бұл деңгей үшін субсидиялар бюджетінің 30% — на дейін көзделген.
Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы өнеркәсіптік жобаларға ерекше назар аударылды. Бағдарлама барлық ауылдық аумақтарды қамтиды және шағын және орта бизнес жобаларын қолдайды.

ШОБ-тың қарсы міндеттемелері жаңа жұмыс орындарын құруды қамтиды: инвестициялық жобалар бойынша-әрбір 100 млн теңге кредитке бір жұмыс орны, бірақ жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес кірісті ұлғайта отырып, жоба бойынша кемінде бір жұмыс орны. Айналым қаражатын толықтыруға арналған жобалар үшін табыс пен еңбекақы төлеу қорының жинақталған инфляция деңгейінен төмен емес өсуі міндетті шарт болып табылады.

— Бағдарламаны қабылдау кәсіпкерлік белсенділік орнықты өсудің негізгі факторы болып табылатын ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларды қоса алғанда, шағын бизнесті ауқымды дамыту үшін маңызды қадам болады, — деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар