СҚО әкімі Беларусь елшісімен кездесті

Кездесудi ашқан СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов делегация мүшелерiне өңiрдiң экономикалық дамуы және беларусьтік компаниялармен өзара ынтымақтастығы туралы айтып бердi, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен
«Солтүстiк Қазақстан облысы - елiмiздiң аграрлы өңiрлерiнiң бiрi. Бiзде машинажасау саласы қарқынды дамып келедi, бiз темiржол және мұнай-газ салаларына қажет жабдықтарды шығарамыз. Бизнестi дамыту үшiн өңiрiмiзде зор мүмкiндiктер бар», - дедi Ерiк Хамзаұлы. Өз кезегiнде Анатолий Ничкасов сапарының негiзгi мақсаты ынтымақтастық туралы ұсыныс екенiн атап өттi. «Бiз облыстың экономикасын зерттеп, бiрнеше сала бойынша ынтымақтастық ұсыныстарын әзiрледiк. Оның iшiнде машина жасау саласы да бар, себебi Беларусьте бұл сала жақсы дамыған және бюджеттi толықтырудың негiзгi көзi болып отыр», - дедi Анатолий Иванович. Сондай-ақ кездесуде темiржол жабдықтарының өндiрiсi, электрді оқшауландыру материалдары, ауыл шаруашылығы техникасы, мұнай-газ жабдықтарын шығару, ет және сүт өңдеу салалары бойынша ынтымақтастық жайында ұсыныстар айтылды. Кездесу соңында Беларусь Республикасының ҚР-дағы Елшiлiгi және Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi арасында өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды. 2015 жылдың қаңтар-тамыз айларында Солтүстiк Қазақстан облысы мен Беларусь мемлекетiнiң тауар айналымы 6,2 млн АҚШ долларын құрап отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiмiз соңғы 7-8 жыл аясында Беларусь Республикасының машинажасау кәсiпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. 2014 жылдың қараша айында Солтүстiк Қазақстан облысының делегациясы экономикалық өкiлдiк аясында сауда-экономикалық және өнеркәсiптiк ынтымақтастық қатынас құру үшiн Минск қаласына барды.