СҚО әкімі мемлекеттiк тiлдi меңгерген өзге ұлт өкiлдерi жастарымен кездестi (ФОТО)

«Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев қазақстандық патриотизмдi мемлекеттiк тiл мәселесiмен тығыз байланыстырады. Қазақтың ұлы ақыны, жерлесiмiз М.Жұмабаев: «Ұлт үшiн тiлiнен қымбат еш нәрсе жоқ», деген болатын. Бүгiн осы кездесуде жастармен бiрге мемлекеттiк тiлдi үйрену, оның қолданылу аясын кеңейту мәселелерiн талқылайық», - дедi кездесудi ашқан өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов. Кездесуге мемлекеттiк бiлдi меңгерген өзге ұлт өкiлдерi, жастар ұйымдарының Қазақстан халқы Ассамблеясының өкiлдерi жиналған. Облыстық тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың айтуынша, жылдан-жылға мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн оқу орындарының саны артып келедi. Үстiмiздегi оқу жылында өзге ұлттың 293 баласы қазақ сыныптарында бiлiм алып жатыр. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тiлдер және әдебиет институтының қазақ бөлiмiнің 22 түлегі - өзге ұлт өкiлдерi. Сөз алған орыс, украин, немiс, татар, курд, т.б. ұлт өкiлдерi бiрауыздан елiмiзде қай тiлдi болмасын үйренуге жағдай жасалғандығын атап өттi. Ал мемлекеттiк тiлдi бiлу олар үшiн оқуда, еңбекте жетiстiктерге жетуге үлкен мүмкiндiк беретiндiгiн айтты. Облыс әкiмi кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтерiп, дәрiптеуге қосқан үлесi үшiн бiрнеше жас маманды алғыс хаттармен марапаттады.