СҚО-да 25 гектар жердегі құрғақ шөп өртенді
АСТАНА. KAZINFORM — СҚО-да құтқарушылар түнде құрғақ өсімдіктердің жануын сөндірді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Кіші Белое ауылының маңында 25 гектар аумақта құрғақ шөп жанды.
Өртті сөндіру жұмыстары тәуліктің қараңғы уақытына, екпінді желге және өрттің жекелеген учаскелеріне кірме жолдардың болмауына байланысты қиындады.
Сонымен қатар өрттің орман алқабына таралу қаупі болды. Ол жерде алдын ала мәлімет бойынша аумағы 0,9 гектарды құрайтын төменгі қабаттағы орман өрті тіркелген.
Ведомство мәліметінше, күрделі жағдайға қарамастан, құтқарушылар жағдайды бақылауға алып, өрттің одан әрі орман қорына таралуына жол бермеді.
— Өртті сөндіруге ТЖД, орман шаруашылығының және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 154 адам мен 58 техника тартылды. Жұмыс барысында өрт ошағының бүкіл периметрі бойынша аумақ жыртылып, минералдандырылған жолақтар жасалды. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Петропавл маңында 6 гектар аумақтағы өрт толық оқшауланғанын жазғанбыз.