СҚО-да 30-дан астам интернет алаяқтыққа қатысы бар бес «дроповод» сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында 20-25 жас аралығындағы бес «дроповод» сотталды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, олар былтыр шілде айында ұсталған. Тергеу барысында олардың интернет алаяқтықтың 31 эпизодына қатысы бар екені анықталған.
Шетелде отырған алаяқтар қазақстандықтарға ұялы байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің және басқа ұйымдардың атынан хабарласқан. Әртүрлі сылтаумен олар адамдарды SMS-хабарламалардағы кодтарды айтуға көндірген.
Кейін қылмыстық тізбек бойынша басқалары жәбірленушілерді әлдекімдер олардың қаржысына қауіп төндіріп жатыр деп сендіріп, ірі мөлшерде несие рәсімдеуге және қаражатты көрсетілген «қауіпсіз шоттарға» аударуға мәжбүрлеген.
Шындығында бұл шоттар «дроптарға» тиесілі болған. Қаражат солардың шоттары арқылы Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылып отырған. Ал осы дроптарды тауып, қылмыстық әрекетке тартумен бес солтүстікқазақстандық айналысқан. Олар әрбір транзакциядан белгілі бір пайыз алып отырған.
Мамыр айында сот үкімімен «дроповодтар» әртүрлі мерзімге - 6 жыл 8 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот жәбірленушілердің талап-арыздарының бір бөлігін қанағаттандырды. Енді сотталғандар бірқатар эпизод бойынша келтірілген залалды өтеуге міндетті. Бір жағдайда оның мөлшері 22 млн 800 мың теңге болған. Петропавлдық әйел алаяқтарға алданып, пошта жөнелтілімін алу үшін қажет деп сендірген соң, кодты айтып, бар жиған-тергенінен айырылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін СҚО-да «инвестицияға» қаржы салған зейнеткер 7 млн теңгесінен айырылғанын жазған едік.