СҚО-да «инвестицияға» қаржы салған зейнеткер 7 млн теңгесінен айырылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі интернет-алаяқтық фактісін тергеп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, Петропавлдың 77 жастағы тұрғыны алаяқтардың құрығына түсіп, жинаған барлық қаражатынан айырылған.
Зейнеткер Instagram әлеуметтік желісінде инвестиция арқылы жоғары табыс табу туралы жарнаманы көрген. Қызығушылық танытқан әйел көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, байланыс деректерін қалдырған.
Көп ұзамай оған өзін инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырған адамдар хабарласқан. Олар түрлі тәсілдермен сенімге кіріп, инвестициялық жобаға қаржы салу арқылы қысқа мерзімде қомақты пайда табуға болатынын айтқан, ақша салуға көндірген.
Сәуір айының соңы мен мамыр айының басы аралығында алаяқтар әйелді бірнеше мәрте ақша аударуға итермелеген. Салдарынан зейнеткер барлық жинаған қаражатын белгісіз есепшоттарға жіберген. Материалдық шығын көлемі 7 млн теңгеден асқан.
Қомақты қаржыны қолға түсіргеннен кейін алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатқан. Сол кезде ғана өзін алданғанын түсінген қала тұрғыны құқық қорғау органдарына жүгінген.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Полицейлер жәбірленушінің ақшасын елден шығаруға пайдаланылған шот иелері - үш дропперді анықтады. Әйелдің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен олардан келтірілген шығынды өндіріп алуға мүмкіндігі бар.
Полицейлер азаматтарды егде жастағы туыстары мен жақындарын интернет-алаяқтық қаупі туралы ескертуге шақырады. Интернеттегі хабарландыруларға сақтықпен қарап, күмән тудыратын тиімді ұсыныстарға сенбеу қажет. Сондай-ақ қаржы салуға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми және сенімді дереккөздер арқылы тексеру қажеттігін ескертеді.
Бұған дейін Қызылорда тұрғыны адамдардың жеке деректерін пайдаланып, алаяқтық жасағанын жазған едік.