Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да ағаш шебері қарапайым бөрене-бұтақтан өнер туындысын жасайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Николаевка ауылында тұратын Юрий Иванов ағаш ою өнерімен өмір бойы айналысып келеді.

СҚО-да ағаш шебері қарапайым бөрене-бұтақтан өнер туындысын жасайды
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Оның қолынан шыққан дүниелер ерекше орындау мәнерімен көз тартады. Шебер әр бөлшекті мұқият ойып, табиғи үйлесімін сақтап, ұсақ-түйекке дейін мән береді. Содан да болар оның қолынан шыққан бұйымдар шынайы көрінеді. Бір туындысында ағаш қуыстан сығалап тұрған тиінді көрсеңіз, енді бірінде азуын ақситқан аю бейнеленген.

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Биыл зейнет демалысына шыққан ауыл тұрғыны үшін шығармашылық — жай ғана хобби емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. 

қасық
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Юрий Ивановтың өнерге қызығушылығы бала кезінен басталған екен. Ол кішкентайынан сурет салуды жақсы көріп, ермексаздан түрлі мүсіндер жасаған. Мектепте оқып жүргенде-ақ ағаш оюға ден қойып, осы өнердің қыр-сырын өздігінен меңгере бастайды. 

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Кейін Челябі қаласында суретші-безендіруші мамандығын меңгеріп, туған ауылына оралады. 
Шебер қарапайым бөрененің немесе бұтақтың бойынан өзгелер байқамайтын ерекше пішін мен болашақ туындыны көре алады. Әсіресе тал, жөке және қарағашпен жұмыс істегенді ұнатады.

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

— Маған көбіне талмен жұмыс істеген ұнайды. Алдымен жасайтын затым ойға келеді. Кейін эскизін жасап, оны ағашқа көшіремін. Қанша уақыт кететінін айта алмаймын. Қолыма саймандарымды алған кезде барлық дүниені ұмытып кетемін. Уақыт маңызды емес, өйткені мен оны сату үшін жасамаймын, — дейді ол.

ыдыс
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Юрий Иванов үшін шеберханасы — шабыт мекені. Мұнда ол уақыттың қалай өткенін де байқамай қалады. Ағаштың табиғи бедері немесе бұтақтың ерекше пішіні жаңа туындының негізіне айналады.

ыдыс
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Шебердің қолынан шыққан бұйымдардың қатарында ағаш шамдар, ерекше пішіндегі вазалар, сәндік мүсіншелер, картиналар, түрлі кәдесыйлар, ағаш ыдыстар мен ас үйге арналған тұрмыстық заттар бар. Барлығы да жөке, тал, қарағаш, шаған секілді ағаш түрлерінен жасалған.

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

— Жасаған бұйымдарды көбіне бауырларыма, туған-туыстарыма беремін. Тапсырыс берушілер бар, бірақ алмаймын. Өйткені қолым жүрмей қалады. Ондайда жұмыс аяқталмай қалуы мүмкін. Көбіне астау жасап беруімді сұрайды, — дейді Юрий Иванов.

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Шебердің пікірінше, ағаш ою өнерін толық меңгеру үшін өмір бойы үйрену керек. Бұл істе табиғи икеммен қатар сурет салу қабілеті мен пропорцияны сезіне білу де маңызды.

мүсін
Фото: Юрий Ивановтың жеке архивінен

Бұған дейін атыраулық қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев ұлттық аспап жасау өнеріне жаңашылдық енгізіп, қобыздың шанағын балық терісінен жасап шыққанын жазған едік