СКО-да балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру мәселесі шешілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақша ваучерлік қаржыландыру бойынша жаңа келісімшарттарға отырып, мәселе шешілді. 

балабақша
Фото: СҚО әкімдігі

Бұл проблема Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында қаралған еді. СҚО-дағы жеке балабақшалар пилоттық жобаның мерзімі бітіп, «Қаржы орталығы» АҚ сөзбұйдаға салып, келісімшартты ұзартуға асықпай отырғанына шағымданған еді.

Салдарынан қаладағы 49 ұйым, оның ішінде 16 жекеменшік балабақшаға төлемдер кешігіп, коммуналдық қызметтер мен жалақыға қатысты қарыз туындаған еді. Облыс прокуратурасының жедел әрекет етуінің нәтижесінде мәселе шешімін тапты.

— 30 наурызда қалалық білім бөлімі бізге барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ваучерлік қаржыландыруға қосылу келісімшарттарына қол қойғанын хабарлады, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер.

Наурыз айына арналған қаржы толық көлемде Петропавл қалалық білім бөлімі арқылы Қаржы орталығына аударылды. Ведомствоның мәліметінше, келісімшарттар жаңартылған соң, ақпан айына арналған актілер де қайта қаралып, төлемдер нақты көрсетілген қызмет көлеміне сәйкес жүргізіледі.

Бұған дейін СҚО-да жекеменшік балабақшалар қаржыландырусыз қалуы мүмкін екенін жазған едік