СҚО-да биыл 30-ға жуық есірткі жеткізу арнасы жойылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда аса ірі мөлшерде есірткі өткізді деген күдікпен Жамбыл облысының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. 

СҚО-да биыл 30-ға жуық есірткі жеткізу арнасы жойылды
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам облыс орталығына тәулікке жалға алған «Chevrolet Cobalt» автокөлігімен кірмек болған. Полиция қызметкерлері оны «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тоқтатты. Автокөлік салонынан психотроптық зат салынған, алдын ала өлшеп оралған пакеттер табылып, тәркіленді.

Сараптама олардың жалпы салмағы 120 грамм α-PvP есірткісі екенін көрсетті. Медициналық куәландыру оның каннабиноидтарды қолданғанын анықтады. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жыл басынан бері өңір полицейлері облыс орталығына есірткі жеткізудің 26 арнасының жолын кесті. Бұған дейін Петропавлда ірі мөлшерде есірткі таратпақ болды деген күдікпен Астана тұрғыны ұсталғанын жазған едік.