СҚО-да биыл жазда шомылып, демалуға болатын 61 орын белгіленді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында жазда шомылуға бөлінген орындардың алтауы ғана коммуналдық меншікте, қалған 55-ін жеке кәсіпкерлер жалға алған.

ІІМ шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды
Фото: Polisia.kz

Облыстық әкімдікте жазғы демалыс маусымын қауіпсіз өткізу мәселелері қаралды. 
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жомарт Асқаровтың айтуынша, өңірде шамамен 60 өзен, 2300-ден астам көл және 127 қазаншұңқыр бар. Ең қауіпті су айдындарының қатарына Есіл өзені, Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері жатады.Демалыс орындарының 13-і осы көлдерде орналасқан.
Мәселен, Петропавл тұрғындары мен қонақтары үшін екі жағажай жарақтандырылды. Демалыс орындарының 47-сі – Айыртау ауданында, Қызылжар ауданында – 6, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданында екеуі орналасқан. Есіл, Мамлют, Шал ақын және Жамбыл аудандарында бір орыннан белгіленді.

- Айыртау ауданындағы Шалқар мен Имантау курорттық аймақтары негізгі туристік бағыт. Осыған байланысты төтенше жағдайлар кезінде шетелдік туристермен жедел әрі сапалы байланыс орнату мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен Қозыбаев университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырды, - дейді Жомарт Асқаров. 

Былтыр СҚО-да жаңа құтқару станциялары іске қосылды. Тепличное ауылында әмбебап құтқару станциясы, Есіл өзенінде жаңа буындағы модульдік станция, Айыртау ауданындағы Шалқар және Имантау көлдерінде құтқару бекеттері ашылды. Сонымен қатар күн ысыған кезде қауіпті учаскелерде қосымша 6 мобильді пост қою жоспарланып отыр. Олар Черное, Соленое, Лебяжье, Баян, Меңгесер көлдерінде және Есіл өзенінде жұмыс істейді.

- Былтыр өңірде суда адам өлімі тіркелмеді. Бұл - профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Биыл Петропавл қаласы аумағындағы Есіл өзені бойында дрондар арқылы патрульдеу жүргізілетін болады. 

2025 жылы су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 98 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді департамент бастығы. 

Әкімдік отырысында шешімін күткен мәселелер жайында да айтылды. 

- Су маңындағы демалыс орындарының иелері мен жалға алушыларды қоғамдық құтқарушылар мен медицина қызметкерлері бар арнайы жабдықталған құтқару бекеттерін ашуға міндеттеу қажет. Бұдан бөлек, рұқсат етілмеген шомылу орындарына тыйым салатын және ескерту белгілерін орнату үшін алдын ала бюджет қаражатын бөлу керек, - дейді Жомарт Асқаров.

Бұған дейін Ақтөбеде жағажайлардың көбі шомылу маусымына дайын емес екенін жазған едік.