СҚО-да былтыр 4 мыңнан астам экологиялық сынама алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық ахуалды бақылау аясында су, ауа, топырақ және радиациялық фон бойынша былтыр 4183 экологиялық сынама алынды.

СҚО-да былтыр 4 мыңнан астам экологиялық сынама алынды
Фото: СҚО экология департаменті

СҚО экология департаментінің мәліметінше, 3558 сынама атмосфералық ауаға тиесілі, автокөлік шығарындылары бойынша 338, су бойынша 274, топырақтан 4, сондай-ақ 9 радиациялық өлшем жүргізілген.

— Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, «Таза ауа» акциясын және «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткіздік. 41 автокөлік тексеріліп, олардың тең жартысында түтін мөлшерінің нормадан асқаны анықталды. Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы негізінде әкімшілік шаралар қолданылды, — дейді департамент басшысы Талғат Сәбиев.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының деректеріне сәйкес, былтыр облыста күкіртсутекпен атмосфералық ауаның жоғары ластануының 11 фактісі тіркелген.

— Осыған байланысты департамент қызметкерлері «Қызылжар су» ЖШС-нің кәріз-тазарту құрылыстары маңында және «Биопруд» жинақтаушы тоғаны аумағында бірнеше рет өлшеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күкіртсутегі бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асу анықталмады. Соған қарамастан, ауадағы жағымсыз иіске байланысты мәселені жүйелі шешу үшін облыс әкімдігіне, прокуратура мен мәслихатқа ұсыныстар жолданды. Атап айтқанда, ағынды су жинақтаушы «Биопрудты» тұнбалардан тазарту және Петропавлдағы кәріз-тазарту құрылыстарын толық циклді тазарту жүйесіне көшіру қажеттігі көрсетілді, — дейді департамент басшысы.

Департаменттің бастамасымен 2026–2028 жылдарға арналған Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды. Оған Петропавлдағы кәріз-тазарту құрылыстарын аяқтауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және «Биопруд» жинақтаушы тоғанын түбіндегі шөгінділерден тазарту жобасын дайындау сияқты шаралар енгізілді.

Талғат Сәбиевтің айтуынша, қазір бұл жоспар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне келісу үшін жіберілген. 

Бұған дейін СҚО-да соңғы бес жылда рұқсатсыз қоқыс орындары бес есе қысқарғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар