СҚО-да бұрынғы уақытша концентрациялық лагерь орнына ескерткіш тас орнатылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бай-манаптарды қамауға арналған төрт уақытша шоғырландыру лагері жұмыс істеген.

Соның бірі 1929–1934 жылдары қазіргі Тимирязев ауданы Жарқын ауылынан шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасты.

«Бай қала» деп аталып кеткен концентрациялық лагерьге осы аралықта «халық жауы» атанған байлар, билер мен болыстар отбасыларымен, шамамен 250 адам айдалып, қамалды.

— Мен бұл орын туралы 1972 жылы алғаш рет Тимирязев ауданында милиция басшысы болған Ғазез Сұрағановтан естіп едім. Кейін тоқсаныншы жылдары Жарқын ауылының тумасы Жағыпар Бәкебаев деген ақсақал айтып берді. Уақытша концентрациялық лагерь тез арада құрылып, оған осы өңірдің байлары туған-туыстарымен, шиеттей балаларымен айдалды. Сол себепті бұл құрылымды келемеждеп «Бай қала» атаған. Бұл жерде үш барак болған. Күзетшілер тұратын үй және шеберхана орналасқан. Барлығы тікенек сыммен қоршалды, — дейді Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәстен Баймұқанов.

Адамдардың көпшілігі аштық пен аурудан көз жұмып, лагерьдің маңындағы орға көмілген.

— Бұрын бұл жер Ақмола губерниясы Төңкеріс ауданына қарады. Байлар, әйелдері, олардың ұл-қыздары, ата-аналары, бауырлары, ағайын-туысы — барлығы қудалауға ұшырады. Бюджеттен ақша бөлінбеді, сол себепті бұл лагерьде еш жағдай болмады, сондықтан көп адам қырылды. Бұл жерде «бауырластар» зираты бар. Көрші Түменге кетіп үлгергендері кейін қамауда отырған туыстарына көмектесіп, қашты. Солтүстік Қазақстан архивінде лагерь комендантының хаттамасы бар, онда «мен жаңадан тағайындалдым, жұрт қырылып жатыр, бір тілім нан алатын ақша жоқ, не істерімді білмеймін» дейді. Оған: «егер мұны ұйымдастырмасаң партиялық жазаға тартыласың» деп жауап береді. Біз архив құжаттарын, тірі қалғандардың естеліктерін жинақтап, кітап етіп шығардық. Бүгін оны жиналған халыққа таратып бердік. Жалпы Мұндай ескерткіш еліміз бойынша бірінші рет ашылып отыр, — дейді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Мұқанова.

Тарихшының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында ғана осындай 4 лагерь болған.
— СҚО-да Булаевта, бұрынғы Полудино ауданында және Аққайың ауданында болған. Қазақстанда ресми түрде 11 ГУЛАГ болды, бірақ осындай жөнді жағдай жасалмаған лагерьлердің саны өте көп. Бұл — тарихи шындықты мойындау мен құрбандар рухына тағзым ету белгісі. Халқымыздың қасіретін ұмытпау — парызымыз, — дейді Гүлнар Мұқанова.

Салмағы 9 тонналық тас Есіл бойынан арнайы әкелініп, «Бай қала» орнына қойылды. Іс-шараға қудалауға ұшырағандардың ұрпақтары да келді. Солардың бірі — Серік, Гүлнара Байқуанышевтер.

— Менің атам Байқуаныш Төрежанұлын 1930 жылы қудалап, мал-мүлкін тәркілейді, өзін қара жұмысқа жібереді. Қызылжар-Қорған теміржол бойында жұмыс істеп жүріп, қайтыс болады. Әжем Жәмиланы, балаларын, соның ішінде менің әкем 9 жасар Зағыпар да бар, осында әкеліп қамайды. Күзге қарай туыстардың көмегімен Түмен облысына қашып кетіп, аман қалды. Елге тек 1958 жылы ғана оралды әкем, соғыста болды. Келгеннен кейін орманшы болып еңбек етті, колхозды басқарды, жаламен түрмеде де отырып шықты. Жұбайымның туыстары да осы жерде қамауда болған, — дейді Астана қаласының тұрғыны Серік Байқуанышев.

Жиын соңында қайтыс болғандарға құран бағышталды.

Бұған дейін СҚО-да қуғын-сүргін құрбандарына әлеуметтік көмек берілгенін жазған едік.