СҚО-да екі басқарманың басшысы ауысты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Мафруза Науанова және Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Қосым Аңсатбаев тағайындалды.
Мафруза Науанова 1975 жылы дүниеге келді. СҚО тумасы. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және Көкшетау экономика және менеджмент институтын «Математика және информатика», «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Айыртау ауданының Володар орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Айыртау ауданы әкімі аппаратында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту салаларындағы аудандық және қалалық бөлімдерді басқарды.
Кейін Айыртау ауданы әкімінің орынбасары, СҚО білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Осы тағайындауға дейін СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Ал Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып келген Қосым Аңсатбаев 1981 жылы туған, Түркіменстан Республикасының тумасы.
Қазақ гуманитарлық заң университетін, «Болашақ»университетін және «Халық шаруашылығы» университетін «Юриспруденция», «Құрылыс және іскери әкімшілік ету» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Қызылорда облысының Сауда және мемлекеттік сатып алу басқармасында, Кәсіпкерлік және индустрия департаментінде жетекші маман, бас маман болып қызмет атқарды.
Кейін осы өңірдің Сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінде бөлім басшысы, басшының орынбасары, басшысы, Қызылорда облысының қалалық құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Астана қаласындағы Нормалау және құрылыс орталығының директоры, Ақпараттық модельдеу орталығы директорының орынбасары болды.
Осы тағайындауға дейін жеке компанияда техникалық экономикалық негіздеме және сараптама жөніндегі үйлестіруші болып қызмет етті.
Бұған дейін БҚО-дағы ветеринариялық бақылау инспекциясына жаңа жетекші келгенін жазған едік.