СҚО-да қырылған үй құстары үшін өтемақы беріле ме — әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданында 7 мыңға жуық үй құсының қырылуы жөнінде пікір білдірді. Елордада Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер құсы қырылған шаруаларға өтемақы беріле ме деген сұрақ қойды.

 Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: ОКҚ

Өз жауабында әкім 21 аулада 7236 құстың қырылғаны айтты, олардың басым бөлігі — қаздар (98%). Сондай-ақ күркетауықтар, үйректер және басқа да үй құстары бар.

— Ветеринария туралы заңға сәйкес, құстарды Ұлттық референттік орталыққа тапсырамыз. Бүгін пастереллез диагнозы қойылды. Қазір ауылда облыстың эпизоотияға қарсы қызмет жасағы жұмыс істеп жатыр. Қажетті шаралар жүргізіліп, қырылған құстың шамамен 90%-ы жойылды, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов.

Оның айтуынша, пастереллез диагнозы қойылған жағдайда өтемақы қарастырылмаған.

— Бірақ біздің тәжірибемізде бұған ұқсас жағдай Бугровое ауылында да болған. Сол кезде аудан әкіміне тауар өндірушілермен бірлесіп, қаржылық қаражат көзін табу тапсырылды. Сол ауылдағыдай, пастереллез диагнозы расталған жағдайда құстың құнының кемінде 50%-ын өтеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, — деді облыс әкімі. 

Еске сала кетсек, СҚО Шаховское ауылында 7 мыңға жуық құс қырылды.

 

Соңғы жаңалықтар