СҚО-да коронавирустан қайтыс болғандардың 78 пайызы - егде кісілер
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 115 мыңнан астам егде жастағы кісі коронавирусқа қарсы екпе салдыруы тиіс болса, соның бүгінде 56 %-дан астамы ғана вакцина алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімдігінің отырысында вакцинация мәселесі сөз болды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Аймановтың айтуынша, 60 жастан асқандар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға асығар емес.
Мұның салдарынан егде жастағылар арасында ауру белең алған, өлім-жітім жоғары.
«Биыл коронавирустан қайтыс болған 29 адамның 23-і – 60 жастан асқандар. Індет басталғалы ауырып, өмірден өткен 469 сырқаттың 78,2 % – егде жастағылар. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшелерінде жатқан сырқаттардың 82 %-ы – тағы да ата-әжелеріміз. Медициналық оттегіге тәуелді 204 сырқатымыз бар, соның 160-тан астамы – зейнеткерлер. Қаңтар айы басталғалы 6 925 адамда КВИ анықталды, олардың шамамен 21 %-ы – 60 жастан асқандар және оның 95 пайызы вакцина салдырмаған», - дейді Нұрлан Айманов.
СҚО-да жасы 60-тан асқан 115 343 адам вакцинациядан өтуі тиіс. Алайда, бүгінге дейін олардың 65 041-і ғана екпе салдырған, бұл шамамен 56 %-ы.
Дәрігердің айтуынша, көрші елдерде жағдай анағұрлым жақсы, мәселен Ресейде егде жастағылардың 75 %-ы, Өзбекстанда 98 %-ы вакцина алған.
«Жыл басынан қайтыс болған 29 адамның 27-сінде созылмалы аурулары болып, дәрігерлердің есебінде тұрған. КВИ жұқтырғаннан кейін артық салмағы бар, қант диабетімен, гипертониямен, жүрек, өкпе ауруларымен, онкологиямен ауыратындардың жағдайлары күрт нашарлайды. Қазір жансақтау бөлімшелерінде жатқан 22 адамның 21-інде осындай созылмалы аурулары бар. Сондықтан осындай қатер тобына жататындар міндетті түрде коронавирусқа қарсы екпе алулары тиіс. Облыста диспансерлік есепте тұрған 83 019 адам вакцина салдыра алады. Олардың 73 %-ы ы күні екпе алды», - дейді басқарма басшысы.